«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ВАУЧЕРЛІК ҚАРЖЫЛАНДЫРУ: кәсіпкерлер неге алаңдаулы?

Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен білім беру қызметкерлерінің салалық кеңесінде жекеменшік балабақшалардың иелері мемлекеттік білім беру тапсырысына ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізуге қатысты мәселе көтерді.

Оқу-ағарту министрлігі 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен 100 пайыз қамтудың екі жолын – жекеменшік балабақшалардың үлесін арттыру және ваучерлік механизмді ұсынды. Бұрын ата-ана баласының кезегі келгенде мемлекет ұсынған балабақшаға ғана апара алатын. Енді ваучерлік механизм арқылы ата-ана өзіне ұнайтын және қолайлы балабақшаны таңдай алады. Сондай-ақ бүгінде білім басқармалары мен аудандардағы бөлімдер мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаны конкурс арқылы анықтап отырса, енді ата-анаға таңдау еркі беріледі.

Алайда Петропавл қаласындағы жеке балабақшаға иелік ететін кәсіпкерлер мұнымен келіспейді, олар ваучерлік қаржыландырудың шырғалаңы көп екенін айтуда.

«АБВГДейка» балабақшасының директоры Ольга Жаркованың сөзінше, ваучерлік қаржыландыру өткен жылы ресми түрде Тараз қаласында басталған. Жекеменшік оқу орталықтары, балабақшалар осы қаржыландыру жобасына кіруге міндеттеліпті. Ваучерлік қаржыландыру енгізілген жарты жылдың ішінде өзге өңірлердегі жеке балабақша иелері келісімшарттардың дұрыс толтырылмауы секілді бірқатар кедергіге тап болған.

«Қаржыландыру орталығы қаражатты «балаға жұмсалады» деген тұжырыммен бөледі. Бірақ ваучерлік қаржыландыруға ену үшін ол бала көптеген критерийлерден өтуі тиіс және кезек күтеді. Ал кезекте тұрған балалардың арасында кезектен тыс өтуге құқылы әскери қызметшілердің, мұғалімдердің балалары бар. Сонымен қатар жобаға тиісті қаражат бірыңғай қаржыландыру орталығынан бөлінетіндігі жөнінде уәде берілді, бірақ сайып келгенде қаржыны жергілікті билік беретіні белгілі болып отыр. Осы мәселемен біз прокуратураға да арыздандық, алайда әлі күнге дейін жауап ала алмай отырмыз. Алдағы маусымда жұмысшыларға жалақы төлеуіміз қажет, ал біздің қолымызда оларға беретін қаражат жоқ», – дейді Ольга Жаркова.

«Колокольчик» балабақшасының тәрбиешісі Кристина Васинаға жуырда бір ата-ана келіп, ваучерді алуға көмектесуін өтініпті.

«Біз ата-анаға көмектесу барысында біраз проблемаларға кезіктік. «Egov.kz» электронды орталығынан келетін хабарламаны ұзақ күтуге тура келді. Екінші мәселе, ата-ана өз қалтасынан ақша төлеп, баланы балабақшаға беруге дайын бола тұра ваучердің іске қосылуын күтуге мәжбүр. Яғни осы уақыттың барлығында бала ата- анасының жанында, үйде болады және балабақша кезегінің қашан келетінін ешкім білмейді», – дейді балабақша тәрбиешісі.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp