«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ ТОП ҚҰРЫЛДЫ

2014 жылғы 28 қаңтарда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің ұйытқы болуымен Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар” деген тақырыпта семинар-кеңес өткізілді.

Семинар-кеңесті ашқан департамент басшысы Ш.Қабдола негізгі сыбайлас жемқорлық оқиғалары мемлекеттік сатып алу кезінде орын алатынын, әрбір төртінші құқық бұзушылық осы жүйенің еншісінде екендігін, сондай-ақ, бұл 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияда атап көрсетілгенін және де облыстық Тәртіптік кеңесте қаралған істердің материалдары осыған айғақ бола алатынын жеткізді.

Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі заңға қайшы әрекеттер мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді, азаматтардың, бизнестің билік институттарына сенімін сетінетеді, сонымен бірге елімізге инвесторларды тартуға кедергі жасайды.

Басқосуда Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Ж. Жұмабаев, облыстық прокуратураның өкілі А. Ауқатов, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржы бақылауы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы З. Қапарова қаралған мәселе бойынша ой-пікірлерін ортаға салып, “Мемлекеттік сатып алу туралы” заң талаптарын сақтамау мемлекеттік сатып алу кезінде ұйымдардың құқық бұзуына, экономикалық шығындар жасауына әкеліп соқтыратынына және уақыттың зая кететіндігіне назар аударды.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржы басқармасының басшысы Е. Әкімжанов басқармада мемлекеттік сатып алу мәселелерімен айналысатын жаңа бөлімнің құрылғанын жеткізді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілі А. Бердниченко кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп отырғанын, мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша 11 кодекс пен 8 заңға өзгерістер енгізілгенін айтты.

Семинар-кеңестің барысында бірқатар тауарларды алған кезде мемлекеттік сатып алу жүйесін қолданбастан, оларды күн сайынғы сұраныс тізіміне енгізу, облыстық және аудандық деңгейлерде мемлекеттік сатып алуды өткізетін өкілетті орган құру туралы және басқа да ұсыныстар жасалды.

Басқосуды қорытындылай келіп, облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің басшысы тұрақты жұмыс істейтін ведомствоаралық топ – мемлекеттік сатып алу үдерісіне барлық қатысушылардың үнқатысу алаңына айналуға тиіс екенін атап көрсетті. Бұл топ бюджетті жоспарлаудан бастап, келісімшарт бойынша қарым-қатынастар аяқталғанға дейін туындаған проблемаларға және сыбайлас жемқорлық көріністеріне сараптама жасайды, сондай-ақ, бұл жүйедегі ашықтыққа қол жеткізеді.

Нұрлан ЖАХИН,

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp