Көктем мен жаз айларында велосипед ұрлығы белең алады. Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметкерлері жуырда үш велосипед ұрлығының бетін ашты. Полицияға Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі үйлердің бірінің кіреберісінен «Forward» велосипедінің ұрланғаны туралы арыз келіп түскен. Үйдің кіреберісінде бейнебақылау камералары орнатылмапты. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері 19-шы шағын ауданда тұратын 21 жасар қала тұрғынын анықтады. Оның үйіне кіреберісте тұрған екі велосипедтің біреуі ұрланған велосипедке ұқсас болған. Тексере келе қос доңғалақты көліктің екеуі де ұрланған екені анықталды. Екі велосипед те жәбірленушілерге қайтарылды.
Ал Букетов көшесіндегі дүкендердің бірінен қолды болған велосипед ұрлығын 22 жасар қыз бала басқаратын полиция жасағы ізін суытпай ашты. №497 жасақ мүшелері: жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің инспекторы, полиция лейтенанты Зарина Елубаева, қатардағы полицей Қайсар Ботпаев және Ұлттық ұланның Әскери институтының үш курсанты кешкі ауысымға түскен кезде оларға ұрлық жасалғаны туралы хабарланған. Осы бағдар бойынша жұмыс істеуге кіріскен олар Әуезов көшесінің бойындағы аулалардың бірінде сипаттамасы ұрланғанға ұқсас велосипедті байқайды. Тексеру іс-шаралары барысында бұл ұрланған велосипед екені анықталды. Иесі өзінің мүлкін бірден таныды. Жедел уәкілдер күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
Полицейлер азаматтарды қымбат велосипедтерді қараусыз қалдырмауға, қоғамдық орындарға барған кезде ұрлыққа қарсы жоғары сапалы тросты пайдалануға шақырады.