Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға арналған іс-шараға Рио Олимпиадасына қатысушы, “Astana Pro Team” велоклубының белді мүшесі, жерлесіміз Бахтияр Қожатаев Петропавл қаласына арнайы келді.
Алауды тұтату рәсімі 25 қаңтар күні Астанадағы Зияткерлік мектебінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетіні белгілі. Қызылжар – алау эстафетасын қабылдайтын алғашқы өңір. 26 қаңтар күні Алау эсафетасы ең бірінші болып Петропавл қаласына әкелінеді. Бүгінгі күні оған дайындық жұмыстары қызу жалғасуда. Оның барысында 60 азамат алауды 12 шақырымға созылатын Қызылжардың ең көрікті жерлерімен алып өтеді. Байрақты бәсекеге облыстан тоғыз спортшы қатысып, конькимен жүгіруден және шаңғыдан бақтарын сынайтын болады.
Петропавл қазақ мектеп-гимназиясында “Универсиадаға дейін 100 күн” мәдени-спорт жобасы аясында өткен белгілі спортшымен таңғы бой сергіту жаттығуына жүзден астам оқушы қатысты.
– Мұндай шаралардың спортты насихаттауда, балалар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруда маңызы зор. Еліміз қысқы Универсиада қатысушыларын алғаш рет қабылдайтындықтан, жан-жақты әзірлік үлкен деңгейде жүргізілуде. Қазақстандық спортшылардың барынша көп жүлде ұтып аларына сенемін, – дейді Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Бахтияр Қожатаев.
Қысқы Универсиада ойындарын қолдау мақсатында ұйымдастырылған аймақтық акция бес жүзден астам білім ошақтарында жалғасты.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.