«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Владимир ПАРАХИН: “ВЕЛОСПОРТ – СПОРТТЫҢ ТӨРЕСІ”

Лондондағы Олимпиадада жерлесіміз Александр Винокуровтың жеңісінен кейін елде, оның ішінде Қызылжарда да велоспортқа қызығушылар саны артқаны анық. Ал кейін тағы бір жерлесіміз Алексей Луценко андерлер арасында әлем жеңімпазы атанған болатын. Бүгінде өңірлік велоспорттың даму деңгейін, соңғы жылдары жеткен жетістіктерін білмек ниетпен Петропавлдағы олимпиадалық резервтің велоспортқа мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Владимир Парахинге жолығып, сұхбаттасқан болатынбыз.

– Өңірлік велоспортты өркендетуге елеулі үлес қосып келе жатқан велоспорт мектебінің бүгінгі хал-жағдайы қалай? Қандай жаңалықтарыңыз бар?

– Өскелең ұрпақ өкілдері арасында саламатты өмір салтын насихаттап жүрген велоспорт мектебінде 200-ге тарта тәрбиеленуші жаттығады. Олардың негізі – 10-нан 17 жас аралығындағы балғын жастар. Бүгінде облыс құрамасында 2001-2002 және 1999-2000 жылдары туғандар арасындағы топтан 12 тәрбиеленушіміз өңір намысын қорғауда. Әзірге табыстары жаман емес.

Спорттың аталмыш түріне қызығушылық танытқанның барлығына қойылатын талабымыз бар. Яғни, баланың денсаулығы мықты, спортпен айналысамын деген ықыласы болса, сондай-ақ, ата-анасы қарсы болмаса…

– Болашақ чемпиондарды тәрбиелеу үшін үзбей жаттығу қажет. Балалардың күнделікті жаттығулары қалай жүргізіледі?

– Велоспортшылардың жаттығуында өзіндік ерекшеліктер мен қиындық бар. Үш ай жаз уақытында күніне екі сағат шамасында қала сыртындағы Явленка, Мамлютка, Архангелка тасжолдарында, Борки кентіндегі трассада жаттығады. Ал қыс маусымында мектебіміздегі вело және атлетикалық тренажерлерді пайдаланады. Сонымен қатар, өз ауламызда шағын велодромымыз бар. Өкінішке қарай, біздің өңірде велоспортшыларға арналған арнайы жаттығу жолдары жоқтың қасы. Ал велоспорттағы басты проблема жол екендігі айтпаса да түсінікті. Велосипедшілер бастарын қауіпке тігіп, автокөліктермен бір жолда жүруге мәжбүр. Оның үстіне біздің елдегі шұрқ-тесік жолдарда велоспортшы жөнді жаттыға алмайды. Ал дамыған елдерде велосипедке арналған арнайы жолдар қарастырылған. Мысалға алсақ, алақандай ғана Бельгия елінде ұзындығы 35 мың шақырымнан астам веложолақ бар.

– Облысымызда велоспорттан жеңімпаздарды даярлау үшін жағдай жасалған ба?

– Осы уақытқа дейін қолдау көрсетіп келген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, жергілікті әкімдікке айтар алғысымыз мол. Сол қолдаудың арқасында жеңіс тұғырынан көрінудеміз. Дегенмен, біздің проблемамыз – қыс айларында дайындық жүргізетін спорт залының жоқтығы. Қыста балалар жалпы ауданы 70 шаршы метрді құрайтын екі бөлмеде жаттығуға мәжбүр. Жыл он екі айдың тең жартысы ақ қар, көк мұз басып жататын солтүстік өңір үшін үлкен зал аса қажет. Бұдан да басқа қажеттіліктеріміз бар. Ең бірінші кезекте велосипед тапшылығын сезініп отырмыз. Бүгінде бар велосипедіміздің біразы істен шыққан. Алдағы уақытта жағдайымыз жақсарады деген үміттеміз. Ел арасынан жас балаларға демеушілік жасайтын жандар табылса, нұр үстіне нұр болар еді.

– Жоғарыда өзіңіз айтқандай, 200 балаға білікті жаттықтырушылар қажет екендігі белгілі. Мектебіңіз жас мамандармен қаншалықты қамтылған?

– Мектебімізде 8 маман жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – зейнеткерлік жасқа келгендер. Біраздан бері қатарымыз жас маманмен толыққан емес. Әрине, қалада колледж бен университет бітірген жастар бар, бірақ оларға күнделікті қажетті талаптарына жететін жалақы ұсынылмаған соң жас мамандар бізде жұмыс істеуге құлшынбайды. Мәселен, өткен жылы ауылды жерде велоспортты дамыту мақсатында Ғ.Мүсірепов атындағы және Есіл аудандарындағы БЖСМ-нің жанында бір қызмет бірлігін ашуды қолға алған болатынбыз. Өкінішке қарай, жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетілмегендіктен, мамандарымыз тұрақтап қалмады. Барлығы қаражатқа келіп тіреледі.

– Көпшілікті толғандыратын мәселелердің бірі – баласына бағасы қалта көтеретін спорт тық үйірме табу. Ал велоспортты спорттың арзан түрі дей аламыз ба?

– Әлбетте, жоқ. Соңғы жылдары велоспортқа қызығушылық артқанымен, ол әлі күнге дейін қымбат спорт түрлерінің бірі болып қала бермек. Біздің мектепте әр бала толықтай тегін оқытылады. Облыс құрамасының қатарына алынған кезде де тегін су жаңа велосипед пен форма беріледі. Сонымен қатар, ең арзан велосипедтің бағасы 70 мыңнан басталатындығын ескерген жөн. Ал одан арзанын алсаңыз, ол біздің жаттығу деңгейімізге шыдамай, бір маусым ішінде саутамтығы қалмайды. Бүгінде кәсіби велоспортшылар негізінен сапасы жоғары тайваньдықтар шығаратын велосипедтерге ден қояды. Статистика бойынша бір спорт шеберін даярлау үшін әртүрлі үш велосипед қажет.

– Көпжылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман ретінде велоспорттың өзге спорт түрлеріне қарағанда артықшылығына тоқталып өтсеңіз?

– Велоспорттың пайдасы көл-көсір. Мен велоспортты спорттың төресі дер едім. Бұл сөзімді былай дәлелдеуге болады. Велосипед – бірден-бір экологиялық таза әрі қолжетімді көлік. Сонымен қатар, ол денеге ауыртпалықты аз мөлшерде түсіріп, саламатты өмір салтын ұстануға көмектеседі.

Велоспорт – күйзелістен арылу мен жастықты ұзақ сақтаудың әмбебап жолы. Зерттеулер көрсеткендей, велосипедпен әуестенетіндердің орта жасы басқалармен салыстырғанда 5 жасқа ұзақ болады екен. Мұндай спорт түрі қимыл-қозғалысында қиындықтары бар, варикозға шалдыққандарға жақсы ем. Аяқты шынықтырып, артық салмақтан арылуға көмектеседі. Ал велосипедті жүйелі тепкен адам болашақта спорттың қай түрімен айналысамын десе, еш қиындыққа кезікпейді. Себебі, жүрегі, өкпесі және аяқ бұлшық еттері жақсы дамыған спортшы өзге спорттың кез келген түрімен айналыса алады.

Елімізге барлық спорт түрлері қажет-ақ, дегенмен халықаралық додаларда өңір және ел атын шығарып жүрген үш спорт түрі ғана бар. Олар: велоспорт, жеңіл атлетика және конькимен жүгіру. Дегенмен, өңірлік велоспорттың болашағы әлі алда деп ойлаймын. Жалпы облыстық велоспорт мектебі жұмысын бастаған 1998 жылдан бері 20-дан астам Қазақстанның спорт шебері, бес халықаралық дәрежедегі спорт шебері және бір еңбек сіңірген спорт шебері шыққан. Қазіргі таңда еліміздің әр-түрлі жастағы ұлттық құрамаларының сапында 22 солтүстікқазақстандық тер төгіп жүр. Демек, велосипедті серік еткен жастар бар. Тек олардан жүлде күту үшін алдымен жаттығуға жағдай жасау қажеттігін ұмытпағанымыз абзал.

Әрине, оның барлығы – алдағы уақыттың еншісі. Нәтижелерімізді одан әрі үдете түссек, қолдау да молая түседі деп сенеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp