«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ВОЛОНТЕРЛЕР ТАРТЫЛДЫ

Жас волонтерлер археологиялық қазба жұмыстарына тартылды. Нұр-Сұлтан, Өскемен, Павлодар қалаларынан және Ақмола облысынан келген бір топ студент қыркүйек айының басында Уәлиханов ауданындағы «Қызыл оба» қонысына аттанды.

Бір қызығы, қазба жұмыстарына қатысқан 9 жастың болашақ мамандығы археология мен тарихқа еш қатысы жоқ. Жоғары оқу орындарының бакалавр мен магистранттары негізінен менеджер, энергетик, экономист және журналистика мамандығын меңгеруде. Облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының директоры Рахат Мәмбеталиновтың айтуынша, «Қызыл обадағы» қазба жұмыстарына қатысатын волонтерлерді республикалық «Asyl мura» волонтерлік ұйымы іріктеген.
– Биыл пандемияға байланысты экскурсия жүргізушілерге қажеттілік болған жоқ. Қызылжар өңіріне келген волонтерлер археологиялық зерттеулерге бағытталды. Ал реставрациялық жұмыстарға құрылысшылар мен археологтардың қатысқаны дұрыс деген пікірді ұстандық. «Қызыл оба» қонысына тартылған жастар жетекшілердің барлық тапсырмаларын асқан жауапкершілікпен және ынтамен орындады, – дейді Рахат Мәмбеталинов.
Белсенді жастар ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, гид-экскурсия жетекшісі болу мүмкіндігіне ие болды. Бір аптаға келген волонтерлердің арасында бойжеткендер де болды. Бүгіндері тоғыз студенттің біреуі ары қарай жұмыс істеуге қалды. Ол «Қызыл обада» қазба жұмыстары біткенше, яғни тағы 10 күндей болмақ.
Алдағы жылы да өңірге волонтерлерді көптеп тарту көзделуде. Атап айтқанда, «Қызыл оба» қонысынан бөлек, Айыртау ауданындағы «Ботай» қонысында, Қызылжар ауданы Долматово елді мекені маңындағы темір ғасырының археологиялық ескерткіші – «Ақ Ирий» қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмек. Мұндағы ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге де волонтелер іріктеу жоспарпарлануда. 

 

Сурет: https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp