Жұмыр жүрек жұлқынбасын. Алда-жалда жүрегіміз сыр берсе, ем іздеп баратын жеріміз – кардиохирургия орталығы.
Жұдырықтай етке шипа сыйлар маманның әр сөзі үкімдей естілсе де, Құдайдың қалауы болары анық. Осы орайда бірінің міндеті – Гиппократ антына берік болу, екіншісінікі – саулық тілеу. Бұған талай мәрте көз жеткізіп жүрген кардиохирург Вячеслав Ким өңірімізде 12 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келеді. Талай жанның жүрегінің шипасын тапқан оташымен жүздесіп, тілдескен едік.
– Вячеслав Григорьевич, оқырмандарымызға өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
– Менің ата-анам бала кезінде Қиыр Шығыстан Өзбекстанға жер аударылған. Өзбекстанда табысқан олар кейін Қазақстанның Жамбыл облысына қоныс аударған. Мен Тараз қаласында тудым. Мектепті тамамдағаннан кейін Жамбыл медициналық училищесіне оқуға түстім. Оны ойдағыдай аяқтағаннан кейін Тараздағы қалалық ауруханада бірнеше жыл мейіргер болып еңбек еттім. Тәжірибе жинақтап, білімімді толықтырғаннан кейін Астанадағы Ақмола мемлекеттік медицина академиясының табалдырығын аттадым. Жоғары білім алғаннан кейін дәрігерлік еңбек жолымды Қостанай облысындағы аудандық ауруханада бастадым. Ал 2004 жылы Петропавлға қоныс аударған кезде №3 қалалық ауруханада хирург болып еңбек етсем, бүгінде кардиохирургиялық орталықта жұмыс істеп жүрмін.
– Дәрігер мамандығын таңдауыңызға кім түрткі болды? Бала кезден қызығушылығыңыз болды ма?
– Отбасымда менен басқа дәрігер жоқ. Дәрігер болу менің бала күнгі арманым еді. Бұл мамандықты таңдағанымда ата-анам қарсылық танытқан жоқ. Керісінше, қолдап, қолпаштады. Білікті дәрігер болу үшін орта, жоғары білім ала отырып, кәсібилігімді жетілдіруге талпындым.
– Хирург ретінде ең бірінші жасаған отаңыз есіңізде ме?
– Бірінші отаны студент кезімде жасадым. Ақмола мемлекеттік медициналық академиясында балалар хирургиясы бойынша білім алдым. Жоғары оқу орнын тамамдар кезде баланың кіндік жарығына ота жасадым. Кураторым Андрей Разумов менің көмекшім болып, ота барысында қолдау көрсетіп тұрды. Ал Қостанай облысындағы аудандық ауруханада хирург болып жұмыс істеген кезде алғаш рет өзім ота жасадым. Алғашқы кезде үрей, қорқыныш болатыны сөзсіз. Себебі, ол бәрімізге тән сезім. Бірақ уақыт өте келе бұл сезімді тұмшалап, сабырмен жұмыс істеуге үйренесің.
– “Адам жанының арашасы” атанған дәрігерлер біліктілігін арттыруға қаншалықты мән береді?
– Ресми түрде әр дәрігер бес жылда бір рет мамандандырудан өтуі керек. Бірақ біз жыл сайын семинарларға, конференцияларға қатысып, біліктілігімізді арттырып тұрамыз. Мен кардиохирургия мәселесі бойынша Литвада және Израильде тағылымдамадан өттім. Біліктілікті арттыру, білмегеніңді үйреніп, тәжірибе жинақтау кез келген мамандық иесі үшін маңызды. Ал заман ағымына сәйкес дамып, жаңарып жатқан медицина саласында өз-өзіңді жетілдірмей, білікті маман болу мүмкін емес.
– Өз сөзіңізде шетелде тағылымдамадан өткеніңізді атап өттіңіз. Сол елдермен салыстырған кезде Қазақстанда кардиохирургия саласы қалай дамуда?
– Әлемде кардиохирургия саласы ерте кезден дамыса, бізде бұл саланың негізі қаланғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Елімізде жаңа дамып келе жатқан сала болса да, қысқа уақыттың ішінде ауқымды жұмыстар істеліп, біраз жетістіктерге қол жеткізілді. Мәселен, бүгінгі таңда Астанадағы әріптестеріміз жүректі алмастыра алады. Сол себепті, біздің сала қарыштап дамып келеді деуге толық негіз бар. Осы қарқынмен ілгері жылжи берсек, ізін басып келе жатқан елдердің медицинасының деңгейіне жетеріміз анық. Алғашқы жылдарда-ақ әлеуетімізді танытып үлгерсек, алдағы уақытта кардиохирургия саласы халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейтіні сөзсіз.
– Қазақстан көпэтносты ел, барлығы бір үйдің баласындай өмір сүріп жатқан жайы бар. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
– Әлемдік жаңалықтардан бірқатар мемлекеттерде болып жатқан этносаралық дүрдараздықты көріп, еліміз одан аман болса екен деп тілеймін. Этносаралық қақтығыс елді құлдыратып, мемлекетті күйретеді. Осы орайда Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында ауызбірлігіміз бос сөзден құралмаған. Біз бауырмалмыз. Мәселен, біздің ұжымда бірнеше этнос өкілі жұмыс істейді. Қазақстанның әр азаматы осы елді сүйсе, оның болашағы үшін жауапкершілікті сезінсе, халқына адал қызмет етуге тырысады. Менің туған-туыстарым Қазақстанда тұрады. Осы орайда айтарым, менің Отаным – туып-өскен жерім Қазақстан. Елімізбен мақтанып, оны мақтан тұтайық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.