Көпбейінді қаржы институты болып табылатын “Қазпочта” АҚ Елбасының тапсырмасымен трансформациялау бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алып, бірқатар мақсатты шараларды алға қойып отыр. Солардың бірі – мерзімді басылымдардың оқырмандар қолына кешіктірілмей жеткізілуі. Осы жайды және солтүстікқазақстандық филиалдың бүгінгі жұмыс үдерісін бақылап, әріптестерімен әрі қарайғы жұмыс жоспарын пысықтау үшін “Қазпочта” АҚ-ның бас директоры Бағдат Мусин Қызылжар топырағына табан тіреді. Осы сапар аясында пошта қызметкерлері және республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері “дөңгелек үстел” басында бас қосты. Жиынға Ақтөбе, Қостанай және Қарағанды облыстарындағы “Қазпочта” филиалдарының басшылары да арнайы келіп, өз өңірлеріндегі жаңашылдықтармен және өзекті мәселелермен бөлісті.
Осы жылдың қыркүйек айында АҚ-ның бас директоры Бағдат Мусин “Егемен Қазақстан” газетінің президенті Сауытбек Абдрахмановпен кездесіп, мерзімді басылымдардың елді мекендерге жеткізілу уақытын қысқартып, мерзімді төрт күннен үш күнге түсіруге екіжақты келісім жасалған болатын. Оны хат-хабар тасушылар алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырмақ. Осы берілген уәдені орындау барлық қызметкерлердің міндеті екендігін алға тартқан Бағдат Батырбекұлы солтүстік өңірде оған дайындық қалай жүргізіліп жатқандығы және оның жолындағы бөгеттерді қалай жоюға болатындығы туралы жиналған жұртпен пікір алысып, көпшіліктің ұсынысын тыңдады.
Әңгіме барысында мерзімді басылымдардың басшылары да пошташылардың қызметіне оң баға беріп, ризашылықтарын білдірді.
– Біз сіздермен талай жылдардан бері халыққа ақпарат жеткізуде бірге қызмет атқарып келеміз. Мерзімді басылымдарды шалғай елді мекендерге тасымалдау ісінде мекемеге келетін пайда жоқ екенін естіп отырмыз. Бүгінгі нарықтық жағдайда қалыптасқан дәстүрді жалғастыру – үлкен іс. Электронды ақпарат құралдары дамып жатса да, олар газет беделін түсірмейді. Оқырмандардың газетке деген ықыласы ортайған жоқ. Меніңше, бұл жұмысты әрі қарай да ширата түсудің мүмкіндіктері аз емес, – деді “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов.
Ал “Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі Өмір Есқали республикалық басылымның аудан орталықтарына ертеңгі күні жеткізілгенімен, әрі қарай таратылу мерзімі ұзарып кететінін айтып, осы мәселенің шешімі табылса деген ойын жеткізді. Сондай-ақ, ол сала мамандары бас қосқан жиында хат-хабар тасушылардың еңбекақысының төмендігі, тұрғындар саны аз елді мекендерде байланыс бөлімшелерінің жабылуы, басылымдарға жазылу науқаны кезінде тасымалдаушы кәсіпорын қызметтеріне жоғары баға қоятындығы, қалалардағы көпқабатты үйлерге пошта жәшігін қою керектігі туралы мәселелерді көтерді.
Жиын соңында “Қазпочта” АҚ басшылары Тәуелсіздік күніне орай адал еңбегі мен жұмыста көрсеткен кәсіби біліктілігі және жоғары жетістіктері үшін бірнеше адамды марапаттады. Қазақстан Президентінің Жарлығымен “Ерен еңбегі үшін” медалі Шал ақын ауданындағы Ақанбарақ ауылының пошта тасушысы Алма Ахметованың кеудесіне тағылды. “Самұрық Қазына” АҚ-ның Құрмет грамотасымен филиалдың пошталық технология бөлімінің бастығы Тамара Манцуровская, “Қазпочта” АҚ-ның Құрмет грамотасымен аудандық пошта бөлімдерінің қызметкерлері Вера Брагина мен Бақыт Бөлегенова, ал Алғыс хатпен Берік Жанахметов пен Бәтима Батаева марапатталды.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.