Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов сынды алып тұлғалардың қолтаңбасы қалған қарашаңырақ – «Soltüstık Qazaqstan» газетінің 105 жылдық мерейтойына арналған бильярдтан аймақтық турнир өтті. Жарысқа журналистер, ақын-жазушылар, өнерпаздар және газет жанашырлары қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған газетіміздің ардагер журналисі Өмір Есқали аталмыш турнир алдағы уақытта өткізілетін игі іс-шаралардың бастамасы екенін атап өтсе, «Қостанай таңы» газеті бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожин мерейтойға арналған құттықтау хатын оқып, жүрекжарды лебізін жеткізді. Айтыскер ақын Қабдолла Бейісхан арнау айтып, ойыншыларға өлеңмен ақ жол тіледі.
– Ұлтқа қызмет еткен алыптардың ізі сайрап жатқан басылымның 105 жылдығы – редакцияның ғана емес, облысымыздың мерейтойы. Өзім де журналистикадағы қызмет жолымды осы қарашаңырақтан бастадым. Сондықтан еңбек өтілімнің алғашқы әліппесін осында аштым десем, еш қателеспеймін. Барлық ойыншыға жеңіс тілеймін. Ақмола мен Қостанайдан келген қаламдастарға алғысымыз шексіз, – деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Әбдірешов.
Жарыс қорытындысы бойынша, «Егемен Қазақстан» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Нұрқанат Құлабаев «Жеңіске деген жігер», «Қостанай таңы» газеті бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожин «Мерген ойыншы» аталымдарымен марапатталса, Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстазы Алмас Бейсенбаев «Көрермен көзайымы» атанды. Үшінші орын Көкшетаудан келген ақын Алмас Темірбайға бұйырса, күміс жүлдені газет жанашыры, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қайрат Пішенбаев иеленді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан облыстық филармонияның өнерпазы Бәйімбет Құбайдолла турнирдің жеңімпазы атанды.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.