«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ГАЗЕТ ЖҮЛДЕСІ ҮШІН ЖАРЫС

Петропавл қаласындағы Спорт сарайында “Soltústik Qazaqstan” газетінің 100 жылдығына орай шағын футболдан облыстық турнир өтті. Спорттық шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған «Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов өңірдегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – “Soltústik Qazaqstan” газетінің маңыздылығына қысқаша тоқталып, мерейтой қарсаңында қолға алынған шараларды атап өтті.

– Облыстың аға басылымы 1920 жылы ашылды. Уақыт сынына қарай атауы бірнеше рет өзгергенімен, газет бағыт алған жолынан адасқан жоқ. Заман ағымына сай түрленген қарт басылымның мерейтойы – барша солтүстікқазақстандықтар үшін айтулы оқиға. Сондықтан жыл бойы аудандардағы оқырмандармен, газет жанашырларымен жылы жүзді кездесулер өткізіліп, газеттің өткен тарихына шолулар жасалды. Біз бұған дейін журналистер мен газет жанашырлары арасында облыстық бильярд жарысын ұйымдастырған болатынбыз. Ендігі кезек шағын футболға келсе, алдағы уақытта жас ақындар мүшәйрасы, ғылыми конференция өтеді. Бұл шаралар газетіміздің танымалдылығын арттыру, оқырмандармен байланысты нығайту мақсатында қолға алынуда, – дей келе Жарасбай Қабдоллаұлы жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысында республикалық басылымдар мен телеарналардың меншікті тілшілерінен жасақталған «Қалам қырандары» командасы турнир жеңімпазы атанды. «Филармония» өкілдері екінші болса, «Районка және К» үздік үштікті түйіндеді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp