Баспасөздің ел өміріндегі алатын орны жайлы әйгілі неміс философы Артур Шопенгауэр: “Газет – тарихтың секундтық стрелкасы”, – деген болатын. Алдағы жылдың ақпан айында алғашқы санының жарық көргеніне 100 жыл толғалы отырған облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газеті бір ғасыр бойы өңір шежіресін қарасөзбен кескіндеуде. Қазағы қалың Ақжар және Уәлиханов аудандарында газет оқырмандарының қатысуымен өткен кездесулерде басылымның қоғамдағы рөлі туралы тұшымды ойлар айтылды.
Ақжарқын ауылында ұйымдастырылған кездесуге аудан әкімінің орынбасары Бөгенбай Жұрынтаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Айбек Хоршат бастаған жергілікті билік өкілдері, мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындары қатысты. Ең алдымен, “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов өңіріміздің рухани қазығы бола білген басылымның тарихы және бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы баяндады. Газет тілшілері әу баста шала сауатты оқырмандарын білім алуға үндесе, кейін тың және тыңайған жерлерді игеру, экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру, салт-дәстүр мен ана тіліміздің мәртебесін көтеру және тағы басқа тақырыпта қалам тербеді.
Газет-журналдың қоғамдағы рөлін тілге тиек еткен ауыл тұрғыны Сапах Демберел басылым беттерінде шығып тұратын мақалаларды қызыға оқитынын жасырмады. Оның айтуынша, баспасөздің болашағы компьютерлік технологиялардың даму деңгейіне емес, оқырманның көзқарасына тәуелді. Газеттің қадірін қашыратын да, құндылығын арттыратын да – оқырман. Бүгінгі оқырманның көңілінде ақпарат нарығындағы газет-журналдан гөрі, жаңа медиа мен ғаламтордың бәсі басым тұрғаны өкінішті.
Бұдан кейінгі кездесу Талшық ауылындағы аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өтті. Басылым басшысы ұлтымызға тән бірқатар проблемаларды атап көрсетті. Осы олқылықтардың орнын толтыруда “Soltústik Qazaqstan” газетінде түрлі жаңа жобалар жүзеге асырылып жатқаны, ең бастысы оқырмандармен тығыз байланыс орнату басылымның беделін арттыратындығы тілге тиек етілді. Рас, біздің қазақ газетке жазылуға самарқау қарайды. Мәселен, Ақжар ауданы – облыстағы қаракөздеріміз ең көп шоғырланған аудандардың бірі. Мұнда 16 мыңнан астам адам тұрғанымен, оның 700-ге жуығы ғана облыстық газетке жазылады екен.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Ербатыр Мадияров қатысушыларды өңіріміздегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағын қолдауға шақырып, “Soltústik Qazaqstan” газетіне жазылу жүйелі жүргізілетініне сендірді.
– Газет – киелі, қасиетті ұғым. Мен – облыстық газеттің тұрақты оқырмандарының бірімін. Соңғы кездері газеттің сапасы едәуір артты. Мазмұны жағынан жақсарды. Газетте оқырмандарға ой саларлық, алуан түрлі пікір тудыратын материалдар жетерлік. Ұлттық тарихымызға қатысты, мәдени, саяси тақырыптарды қамтыған өзекті мақалаларды оқуға болады. Сондықтан қарашаңыраққа жазылып, қолдауымызды аямауымыз керек, – деген Ербатыр Қайыргелдіұлы газет ұжымын келе жатқан мерейтоймен құттықтап, сәттілік тіледі.
Түстен кейін аудандағы қаймағы бұзылмаған елді мекендердің бірі – Қулыкөл ауылына ат басын бұрдық. Бұл жолғы кездесу қадірлі мамандық иелері – ұстаздар қауымының қатысуымен өтті. Қазақ мектебінің ұжымына да газеттің кешегі жүріп өткен жолы, алдағы мақсат-міндеті туралы айтылды. Бүгінгі таңда 270 отбасы түтін түтетіп отырған елді мекенде газет оқырмандары баршылық. Ауыл молдасы Сүйіндік Шолимов пен зейнеткер Мағжан Қазиев газетте айшықты қолтаңбасы қалған, өңірдің дамуына үлес қосқан Смағұл Сәдуақасов сияқты асыл азаматтардың өмірі мен еңбек жолы туралы мақалалар көбірек жарияланса деген өтініштерін білдірді.
Сапарымыздың екінші күні Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылына жол тарттық. “Nur Otan” партиясы аудандық филиалының ғимаратында өткен кездесуде Жарасбай Қабдоллаұлы қатысушыларды өңір аумағындағы ана тілімізде шығатын жалғыз облыстық басылымға жазылуға шақырып, цифрлық технология, интернет дамыған заманда газет оқырмандарының азайып кету себептеріне тоқталды.
Тағылымды кездесулер аудан әкімдігі мен ауыл шаруашылығы колледжінде өз жалғасын тапты. Бұл кездесулер барысында да газет оқырмандарымен пікір алмасылып, қоғамдағы өзекті мәселелер көтерілді. Шара барысында сөз алған оқу ордасының мұғалімі Бауыржан Достыбаев басылым беттерінде үзбей шығып тұратын “Ahýalyń qalaı, aýyl?”, “Tarıh jáne tanym”, “Bir ánniń tarıhy”, “Oqyrmannyń júrek syry” және тағы басқа айдарлардың өскелең ұрпақ тәрбиесіне сіңіріп жатқан үлесін жоғары бағалады.
– “Soltústіk Qazaqstan” – жас ұрпаққа берері мол басылым. Біз көркем әдебиеттер мен газет-журналдарды оқып өстік қой. Кейінгі толқын өкілдерінің кітапқа қызығушылық танытпайтыны рас. Газет кітапқа апарар баспалдақ болса, кітап – тұнып тұрған рухани азық, баға жетпес қазына. Оқыған сайын адам рухани байи түседі. Облыстық газеттің мерейтойы – барша солтүстікқазақстандық үшін үлкен қуаныш. Сондықтан қарашаңыраққа балап жүрген басылымның таралымын арттыру – бізге үлкен сын, – деді Бауыржан Сағындықұлы.
Аудан орталығынан қырық шақырым қашықтықта орналасқан Ақтүйесай ауылында сапарымыздың соңғы нүктесі қойылды. Жергілікті орта мектептің ғимаратында өткен кездесуге облыстық газеттің оқырмандары жиналды. Шара барысында мұғалімдер ана тіліміздің болашағы, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, ұлттық рух пен намысты ширату, газет оқырмандарының санын көбейту жайы әңгіме өзегіне айналды. Кездесу барысында талай ұрпақты тәрбиелеген облыстық газеттің маңызы зор екеніне тоқталып өткен ауыл тұрғындары Хабиболла Шайсұлтанов пен Амантай Саматов арнайы келген басылым қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.