2026 жылдың бірінші жартыжылдығына мерзімді басылымдарға жазылу науқанының басталуына орай «Қазпошта» АҚ облыстық филиалында «Жазылушы күні» өтті. Өңірде жарық көретін газет-журналдардың өкілдері мен тұрақты оқырманның басын қосатын іс-шара жыл сайын ұйымдастырылады.
«Өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» газет – түсіне білген адамға рухани азық. Демек оқырман тек жаңалық оқумен ғана шектелмейді, ел тынысын сезініп, қоғам өміріне белсене араласады. Газетке жазылу науқанының басталуымен «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Болатбек Мұқашев құттықтады.
«Қызылжар-Ақпарат» ЖШС қызметкерлері облыстық «Soltüstık Qazaqstan» және қалалық «Qyzyljar nūry» газеттеріне алғаш болып жазылғандарға арнайы сыйлықтарын табыстады. Сыйлық тарату бұнымен тоқтамайды. Қос басылымға 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жазылған оқырмандар арасында iPhone ойнатылады. Ұтысқа қатысу үшін газетке жазылғаныңызды растайтын түбіртекті 87011054622 (WhatsApp) нөміріне жолдау қажет. Әр түбіртек иесіне арнайы нөмір беріледі. Жылдың соңында (газетке жазылу науқаны аяқталған соң) сол нөмірлер бойынша ұтыс өтеді.
– «Soltüstık Qazaqstan» газетін бала күнімнен оқып өстім десем болады. Әкем Жағыпар Құсайынов жазғандарын жариялайтын. Кейін өзім де қолыма қалам алып, газетке мақала жазып жүрдім. Марқұм Зейнолла Әкімжанов, Қошқарбай Жұматаев сынды тілшілермен замандаспын. Басылымның әр санын асыға күтемін, сүйсіне оқимын, – деді газетке алғаш болып жазылған тұрақты оқырмандардың бірі Мұрат Құсайынов.
Назым ЕСІМ,
«Soltüstık Qazaqstan».