
Есіл ауданындағы Тауағаш ауылының тұрғындары ұзақ жылдан бері облыс айнасы – “Soltústik Qazaqstan” газетін сүйіп оқиды. Ата-әжелеріміз, әке-шешелеріміз оқыған газет біздің де қолымыздан түспейді. Себебі, облыстық газеттің әр кезде де көтерер жүгі ауыр. Жастарының ұлғайып қалғанына қарамастан, қарттарымыз да ғасырлық тарихы бар басылымға жазылып, үзбей оқиды. Бүгінде зейнет жасына жетсе де “Газетім қайда? Жыртып тастап жүрмеңдер!” деп, үйдегі бала-шағаға ескерту жасап, газеттің бір нөмірі көзінен таса болса, кәдімгідей дегбірі кететін ата-әжелеріміз көп.
Ақпарат айдынында өзіндік үні мен қолтаңбасы қалыптасқан “Soltústik Qazaqstan” газетінің келе жатқан 100 жылдық мерейтойы Қызылжар жұртшылығы үшін зор қуаныш. Алайда, соңғы жылдары газет оқырмандарының саны азайып кеткені көңілімізге кірбің түсіреді. Жуырда Есіл ауданындағы Бұлақ ауылының тұрғындары солтүстікқазақстандықтарға “Әр шаңыраққа – “Soltústik Qazaqstan!” деп үндеу тастаған болатын. Бұл бастамаға Аққайың ауданының Дайындық, Мамлют ауданының Бексейіт, Мағжан Жұмабаев ауданының Ноғайбай ауылдарының тұрғындары да қолдау білдірді. Бұл игі шарадан Тауағаш ауылының тұрғындары да қалыс қалмайды. Қазіргі уақытта Тауағаш ауылында жүзге жуық отбасы бар. Газеттің ғасырлық мерейтойына орай әр үй газетке жазылатын болады.
Жерлестер, төл газетімізге бір кісідей жазылып, баршамызға қымбат басылымға қолдау көрсетейік!
Тауағаш ауылының тұрғындары атынан:
Сейтқас КӨКӨШЕВ, Қажығали НҰҒЫМАНОВ,
Бақтыбай ЖАНАБЕКОВ, Мұрат СИБАНБАЕВ,
Дәрия ИБРАЕВА, Айбарша НҰРАН.