«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ГАЗЕТ ОҚЫРМАНЫМЕН ҒҰМЫРЛЫ

“Қазіргі таңда газетті ешкім оқымайды”, “Газеттегі бар дүниені интернеттен де табуға болады” деген сияқты жаңсақ пікірлер ара-тұра айтылып қалып жатыр. Керітартпа адамдардың аузынан шыққан осындай ойлар таралым санының күрт төмендеуіне әсерін тигізбей қойған жоқ. Соның салдарынан бүгінгі таңда облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетіне жазылушылар қатары бес мыңға да жетпей отырғаны қынжылтады. Дегенмен, абыз басылымды рухани білімнің, тәлім-тәрбиенің қайнары деп білетін көзі қарақты, патша көңіл оқырмандарымыз аз емес. Бұған жуырда Тайынша ауданына жолымыз түскенде тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Қызылжар жұртшылығы­ның рухани сүйеніші “Soltústіk Qazaq­stan” газеті – небір Алаш ардақты­лары еңбек еткен басылым. Иісі қазақтың бірі қалмай қарашаңырақ деп құрметтейтін газет келесі жылдың ақпан айында өзінің 100 жылдығын атап өткелі отыр. Бұл сапарымыздың басты мақсаты да сол – бір ғасырлық мерейтой қарсаңында оқырмандармен кездесу.
Тайынша қаласындағы кезде­суге аудан әкімінің орынбасары Жанар Алданазарова бастаған мемлекеттік қызметшілер, аға буын өкілдері мен мектеп директорлары жиналды. “Nur Otan” партиясы аудандық филиалының ғимаратында өткен жиында газеттің өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында салиқалы әңгіме өрбіді. Басылымның бас редакторы Ербақыт Амантайұлы жылы жүздесу барысында газеттің тарихына тоқталып, жұртшылыққа 100 жылдық қарсаңындағы жоспарымызды айтып өтті.
– Былтыр Ақмола облысының “Арқа ажары” газеті 100 жылдығын тойлады. Оның бірінші санын “Тір­шілік” атауымен ақын Сәкен Сейфуллин шығарған болатын. Жуырда “Egemen Qazaqstan” газеті де ғасырлық мерейтойын атап өтті. Бұл басылымның да алғашқы саны “Ұшқын” деген атаумен жарық көрген еді. Яғни, заманға сай атаулары өзгеріп отырғанымен, қызметкерлері Алаш қайраткерлері салып кеткен сара жолды жалғап келе жатыр. Сондай басылымдардың қатарында “Soltústіk Qazaqstan” газеті де бар. Абыз басылым өзінің тарихында “Кедей сөзі”, “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” деген атаулармен шығып, 1993 жылы “Сол­түстік Қазақстан” газеті болып өзгерді. Былтырдан бері оның атауы латын қаріптерімен жазылуда. Қазір газетіміздің журналистері қоғамдағы түрлі тақырыптарға қалам тербеп жүр, – деді Ербақыт Амантайұлы.
1920 жылдың 22 ақпанында Омбы қаласында газетіміздің бірінші саны жарық көрді. Сол кезде бас редактор Әбілқайыр Досов болды. Кейін Ақмола губерниясы құрылып, оның орталығы – Петропавл қаласына газетіміз “Бостандық туы” деген атаумен көшірілді. Бұл кезде оны поэзия пайғамбары атанған ақынымыз Мағжан Жұмабаев шығарды. Қарашаңырақ – әдебиеттің марғасқаларын тәрбиелеген орынға айналды. Онда Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасов 18 жасында мақала жазып, ауылда кооператив құру мәселесін көтерсе, 1926-1929 жылдары қарашаңырақта жерлес ақын Жақан Сыздықов жауапты хатшы қызметін атқарды. Сондай-ақ, газетте Қошке Кемеңгеров, Әбділда Тәжібаев, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шәймерденов сынды ұлт зиялыларының мақалалары жарық көріп тұрды. Кейінгі жылдары балалар жазушысы Бақыт Мұстафин, Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман еңбек етсе, бүгінгі таңда басылым тізгіні елімізге белгілі жазушы Жарасбай Сүлейменовтің қолында.
Ербақыт Амантайұлы айтып өткендей, талай жылдан бері өңір мен өмір құбылысын боямасыз өрнектеп ке­ле жатқан газетіміз о бастан халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауды, халық мүддесіне қызмет етуді негізгі міндеті санайды. Сондықтан бұл басылымның таралымының азаюы – баршамызға сын. Бұл пікірді қостаған ардагер Аманжол Сатиев тілшілер қайырымдылықпен айналысатын азаматтардың еңбегін газет бетінде көрсетсе екен деген тілегін жеткізді. Көбіне спорт жаңалықтарын сүйіп оқитын ардагер басылымда арнайы беттің ашылғанына дән риза.
Ал мемлекеттік қызмет саласын­да еңбек еткен зейнеткер Майра Әлжанова газетті латын қарпіне ауыстыруды ұсынды. Өз кезегінде Ербақыт Амантайұлы газет алғашқы жылдары латын қарпімен шыққанын айтып, бүгінгі таңда халықтың көзін үйрету мақсатында атауы, айдарлары және соңғы бетінде бір жаңалық аталмыш қаріппен беріліп жүргенін айтты. Бұ­дан бөлек, жиында сөз алған мектеп директорлары газет бетіне әдістемелік және тарихи-танымдық мақалалар көп шықса екен деген ойларымен бөлісіп, басылым санының артуына атсалысатындарын айтты. Шара соңында облыстық газеттің тұрақты оқырмандары – бір топ азамат марапатталды.
Түстен кейін біз аудандағы қаймағы бұзылмаған елді мекендердің бірі – Қарағаш ауылына ат басын тіредік. Бұл жолғы жылы жүздесу қалың оқырмандар ішін­дегі қадірлі мамандық иелері – ұстаздар қауымымен өтті.
Бізді қарсы алған Абай ауылдық округінің әкімі Кемел Ысқақов жергілікті мектепке бастап барды. Қазақ мектебінің ұжымына да газеттің кешегі жүріп өткен жолы, бүгінгі тыныс-тіршілігі, алдағы мақсат-міндеті туралы айтылды. Жиынға қатысушылар басылым беттеріндегі “Oqyrmannyń júrek syry”, “Tarıh jáne tanym”, “Bir ánniń tarıhy”, “Ahýalyń qalaı, aýyl?” және тағы басқа айдарлар мен қосымшаларды үзбей оқитындарын жеткізді. Қарағаш орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бейбіт Досмұханов газеттің дамуына үлес қосқан Қарағаш ауылының тумасы Жақан Сыздықов сияқты қаламгерлердің өмірі жайлы мақалалар жазылса деген тілегін білдірді.
– “Soltústіk Qazaqstan” басылымының өскелең ұрпаққа берері мол. Біз жас кезімізде көркем әдебиеттерді көп оқитын едік, кейінгі толқын өкілдерінің кітапқа қызығушылық танытпайтыны қынжылтады. Кітап пен газетті оқыған сайын адам рухани байып, есте сақтау қабілеті жақсара түседі. Басылымның жүз жылдығы – газет ұжымының ғана емес, барша солтүстікқазақстандықтардың қуанышы. Сондықтан облысымыздың түкпір-түкпіріне тарайтын жалғыз қазақ газетіне жанашырлық танытуымыз керек, – деді Бейбіт Сырымбетұлы.
Есіл ауданындағы Бұлақ ауылы бастап, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар, Ноғайбай, Аққайың ауданындағы Дайындық, Шал ақын ауданындағы Кеңес, Есіл ауданындағы Тауағаш, Жамбыл ауданындағы Баян ауылдарының тұрғындары қостаған “Әр шаңыраққа – “Soltústik Qazaqstan!” үндеуіне үн қосушылар қатары бүгінгі күні қалың. Қарағаш ауылының тұрғындары да газетке жаппай жазылуға уәде берді. 

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp