«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ГАЗЕТ ОҚЫРМАНЫМЕН ӨМІРШЕҢ

Алаш ардақтыларының іздері сайрап жатқан об­лыстық «Soltüstık Qazaqstan» газетінің 105 жыл­дығына орай басылым қызметкерлері Қызылжар ауданында болып, оқырман күнін ұйымдастыр­ды. Аудан орталығы Бескөлдегі Мәдениет үйінде өткен іс-шараға жиналғандар алдымен редак­ция жанынан ашылған музей жәдігерлерімен танысып, газетте әр жылдары қызмет атқарған қаламгерлердің шығармашылығы туралы дерек­терге қанық болды.

Биыл өңіріміздегі қазақ баспа­сөзінің қарашаңырағы, іргетасын Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақа­сов сынды Алаштың аяулы перзент­тері қалап, керегесін Қошке Кемең­геріұлы, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов сынды белгілі қа­ламгерлер керген облыстық басы­лымның алғашқы санының жарық көргеніне 105 жыл толды. Осынау ме­рейлі датаға орай ұжым мүшелері өңір аудандарын аралап, жанашыр оқырманмен кездесулер өткізуді қол­ға алды. Алғашқы сапарымыздың Қызылжар ауданынан басталуы бекер емес. Қызылжар – біздің газетіміздің оқырманы көп шоғырланған, ұлттың үнін ту еткен басылымға жазылушы­лардың саны жөнінен алда тұрған аудан.

Іс-шараны айтыс ақыны Қабдол­ла Бейісхан мағыналы шумақтармен өрілген арнауымен бастады. Содан кейін Қызылжар аудандық әкімдігі аппаратының басшысы Амангелді Ахынов сөз алып, жиналғандарды басылымның мерейтойымен құттық­тады. «Газет – халықтың үні. Өңір та­рихы қатталған басылымды қолдау жұмыстары еш бәсеңдемек емес. Га­зет оқырманының санын көбейту ісі­не өз үлесімізді қосатын боламыз», – деді ол.

Баспасөздің ел өміріндегі алатын орны жайлы әйгілі Ахмет Байтұрсы­нов: «Газет – халықтың құлағы, көзі һәм тілі» депті. Ал неміс философы Артур Шопенгауэр: «Газет – тарих­тың секундтық стрелкасы», – деген болатын. Халықтың үні, билік пен бұ­қараның дәнекері болып келе жатқан басылымдарды қолдау – осы күнгі қазақ баласына да ортақ міндет. Азаматтың мемлекеттік тілге, ұлт руха­ниятына, Алаш аманатына деген адалдығы алты ай сайын айналып ке­летін баспасөзге жазылу науқанында анық көрінетінін айтқан «Қызыл­жар-Ақпарат» ЖШС-ның директоры Ербақыт Амантайұлы поштаның га­зетті уақытында жеткізу жиілігін сақ­тамауы мәселесіне баса назар аудар­ды.

«Пошта аудандарға екі, ауылдарға аптасына бір-ақ рет барады екен. Сондықтан 2025 жылдың басынан га­зет аптасына бұрынғыдай 3 рет емес, 2 рет шығып келеді. Қазіргідей гео­саяси ахуал ушығып тұрған сәтте өз идеологиямызды мықтап қолға алуы­мыз керек. Демек газетті ұлттың тұ­тастығын сақтау құралы ретінде де пайдаланған артықтық етпейді. Қан­дай қиын қыстау кезеңде де ұлағат­шыл үрдісінен, мемлекетшіл мінезі­нен таймаған басылым ары қарай да Қызылжар өңірінің рухани ордасы болып қала береді», – деді ол.

«Soltüstık Qazaqstan» газеті заман­мен бірге түлеуде. Соңғы жылдары оң өзгерістер жасалып, оқырманға керек дүниелер жарық көріп келеді. Га­зетіміздің дизайны өзгерді, аудан-ауылдардағы оқырманның мақалала­рын жариялауға басымдық берілуде. «Жақсының жары», «Тұтынушы», «Сараптама», «Мәселе» сияқты ай­дарларымыздың оқырманға берері мол.

Іс-шара барысында оқырманға викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар табыс етілді. Газетіміздің жанашыр­лары Әлім Төлебаев, Жапар Төлеге­нов пен Уәлихан Қаражігітов сөз алып, төл басылымның орны қашан­да төрде екенін шегелеп айтты.

Халық арасында «журналистика – қоғамның барометрі» деген ұғым қалыптасқан. Елің қалай болса, бөркің солай, соңғы уақытта газет-журналдардың таралымының күрт төмендеп кетуі қоғамда оқуға деген құлшыныс­тың азайғанын аңғартады. Ал керісін­ше, кітап оқуға, ғылым мен білімге мықтап бет бұрған кейбір елдерде мерзімді басылым миллиондаған та­ралыммен шығып жатқанының куәсіміз. Қоғам дегеніміз – сіз бен біз. Демек әрқайсысымыз өзімізді тү­зесек, қоғам да дұрыс бағытқа бұры­латыны – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Жиында оқырман газеттің өткені және қазіргі тыныс-тіршілігі туралы ақпаратқа қанық болып қана қоймай, облыстық Ақан сері атында­ғы облыстық филармония әртістері мен жергілікті өнерпаздардың ән­дерін тыңдап, бір марқайып қалды. Дәстүрлі әнші Еркебұлан Қарып «Қа­зағым» әнін, «Мерей» өнер мектебі жанынан құрылған «Шашу» ансаблі «Терісқақпай» күйін орындап, залда отырғандарды жігерлендірді.

Әрбір басылым өзінің көзі қарақ­ты оқырманымен бай. Ғасырдан ас­там тарихы бар «Soltüstık Qazaqstan» газетінің орны сол баяғыдай төрде екенін Қызылжар ауданындағы адал оқырманымыз қуаттай түсті.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суреттерді түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp