«Қазақ газеттері» медиахолдингінің бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлымен жуырда Петропавлда өткен Смағұл Сәдуақасұлының 125 жылдығына арналған конференцияда жолығып, аз-кем әңгімелесудің сәті түсті. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңындағы сұхбатымыз ұлттық басылымдардың кешегісі мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы болды. Сәті түскен сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
– Алаш қайраткерлері жайлы айтқанда сол кезде шыққан газет-журналдарға соқпай кете алмаймыз. Қазақ баспасөзінің қалыптасуына Смағұл Сәдуақасұлының сіңірген еңбегі жайлы айтып беріңізші.
– Смағұл Сәдуақасұлының өмірбаянына қарасақ, кемінде 10-нан астам газет-журнал шығаруға атсалысып, соның көбінің редакторы болыпты. Біразына идеялық жәрдем көрсеткен. Қызылжарда 1918 жылы шыққан тұңғыш жастар газеті «Жас азаматтан» бастап, өзі екі мәрте редактор болған «Еңбекші қазаққа» дейінгі ұзақ жол жатыр. Соның ішінде «Бостандық туының» жөні бөлек. Әу баста Ақмола өңірінің орталығы болған Омбыда шыққан «Кедей сөзі», «Еңбекшіл жастар», «Жас азамат» газеттері ұлт баспасөзіне қозғау салды. Кейін өңір орталығы Петропавлға көшкенде, басылымдар да бірге қоныс аударды. Газет атауы «Бостандық туы» болып өзгерді.
«Бостандық туы» деген атауынан көрініп тұрғандай, бұл – бостандыққа деген ұмтылыс, азат сананы қалыптастыруға деген күш-жігер, тәуелсіздіктің негізін қалау. Ол Смағұлдың өмірлік идеясымен ұштасады. Әрине сол кезде жанында Мағжан Жұмабаев, Жұмағали Тілеулиндер болды. «Бостандық туында» қызмет еткен азаматтар өңірдің әлеуметтік теңдігін, саяси құқық қажеттіліктерін қадағалап, елдің жаңа заман игілігін көруіне атсалысты десек еш қателеспейміз.
Кейінгі табылған деректерде Смағұл басылымның «Бостандық туы» кезеңінде бірнеше мақала жазып, жұртшылыққа ой тастағанын көреміз. Кейін де қызмет бабымен Ақмолаға, Қызылжарға келіп тұрған. Сол іссапарларында саясатты түсіндіріп, территориялық тұтастықты ұғындырып, сындарлы пікір білдіруі – осы сөзімізге дәлел.
– Сол «Кедей сөзінен» басталған жол жалғасып, газет 105 жыл бойы шығып келе жатыр. Ал «Жас азамат» газетінің ғұмыры неліктен қысқа болды?
– 1918 жылы 30 шілдеде тұңғыш саны шыққан газеттің ғұмырының қысқа болуы Алашқа қарсы саясатпен тікелей байланысты. «Жас азамат» – Алаштың газеті. Оны шығарушылар жасырған жоқ. Бірінші нөмірінен бастап «Біз жастар арасында Алаш мұратын жалғастырушымыз», «Алаштың ардагерлерін үлгі етеміз» дегенді алға тартып, қазақ жастары ұйымдарының басын қосып, соның жұмысын жетілдіру бағытында газет шығарды.
Бұл жайлы кезінде Қайыржан Бекхожин жазды. Бірақ 60- 80 жылдары назар аударған адам болған жоқ. Біз газетті орталық архивтен тауып, барлық 22 санын шолып, 1993 жылы 8 сәуірде «Ана тілі» газетіне «Алашқа тыныс болған «Жас азамат» атты көлемді мақала жарияладық. Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің басшысы Сәуле Мәлікова мен өңірлік университет профессоры Зарқын Тайшыбайдың ыждағатымен шыққан «Жас азамат» (1918-1919)» жинағы 2021 жылы осы Петропавлда басылды. Қызылжардың ғалымдары Алматы мен Астана атқара алмаған жұмысты бітірді. Осы жинақтың қара жұмысын істеген Абай Мырзағали мен Гүлнар Ахметжановаға тәңір жарылқасын айтамыз. Бұл жинақ баспасөз тарихын түгендеуге олжа салды.
– Жалпы өңірлік газеттердің ерекшелігі неде?
– Менің түсінігімде облыстық газеттердің мәртебесі ғана «өңірлік». Газеттің бастапқы үш бетінде сол өңірге қатысты саяси материал берілуі мүмкін. Ал қалған негізгі беттері, мазмұны тарихи сабақтастықта, ұлттық мұрат аясында көрінуге тиіс. «Бостандық туы» газетін шығаруға Мағжан, Смағұл, Қошке, Жұмағали, Жиенғали, Хайретдин т.б. біртуар тұлғалардың қатысқаны – бүгінгі мұрагері «Soltüstık Qazaqstan»-ды ерекшелеп тұрған басты құндылығы. Алаш рухты тарихи басылымның мұраты биік, мақсаты айқын болуы тиіс. Осыны қалың оқырманға нық сеніммен айта аласыздар.
– Бүгінгі таңда жұртшылықтың газет оқуы бәсеңдеп барады. Бұл ұлт санасына көлеңкесін түсірмей ме?
– Иә, бұл – әлемдік үдеріс. Жаңа ақпараттық технологиялар мен форматтардың шығуы, ғаламтор мен түрлі порталдардың пайда болуы мерзімді басылымдардың аясын тарылтқаны белгілі. Мұның табиғи үдеріс екенін естен шығармайық. Бірақ қанша дегенмен, мерзімді басылым оқырманын сақтауға тырысып жатыр. Еуропада да осы жағдай, біз де соған күш-жігерімізді жұмылдыруға тиіспіз.
Газет оқымаған адам кітап оқып жарытпайды. Кітап оқымаған ұрпақ қайтадан қараңғылыққа енеді. Осы тұжырымды жиі айтуымыз керек. Баласының ақылды, парасатты, интеллектуал болғанын қалаған ата- ана газетті өзі де оқиды, перзенттеріне де оқытады. Газет оқыған бала кітаптың не екенін біледі. Кітап оқу парасат, таным деңгейін көтеретінін біліп қана қоймай, айналамызға ай тып жүруіміз керек. Мәселенің оңай емес екенін де білеміз. Күресу қажет. Бірақ біраз салаға газетке «міндетті жазылуды» енгізген абзал. Мысалы, білім, мәдениет, атқарушы билік мекемелері өңірлік, республикалық негізгі газеттерге жазылуы қажет. Айталық, көрші Қытайда мемлекеттік қызметкерлердің барлығына газетке жазылу үшін бір айлық жалақысы көлемінде қаражат бөлінеді. Әлеуметтік желі мен газеттің айырмашылығы жер мен көктей, газет талдауды, сараптауды үйретеді. Саяси-мәдени термин мен сөз саптауды да осы мерзімді басылымнан меңгеруге болады.
– «Қара қазақ үйіне сыйлы қонақ келгенде тоқты сояды. Газет жаздыруға сол тоқтының жарты құнын да қимайды. Бұны қара қазақ, әрине, надандығының арқасында істейді» деп жазған екен Смағұл Сәдуақасұлы. Қазақтың осы ұстанымы қазір өзгерді ме?
– Бұл жерде Смағұл ашумен осылай деуге мәжбүр болған. Екінші жағынан халықты қамшылап та отыр. Сол заманда да газетке жазылу өзекті мәселе еді. Кез келген мәселенің түйткілін шешуге болатынын тарих тағылымы анық көрсетті. Түйткілдің шешілуі де, шешілмеуі де қоғамның ниетіне, іс- әрекетіне байланысты екенін ұмытпалық. Сөзді орнымен қолдансақ, істі мемлекет мүддесіне сай жасасақ, мәселе сәтімен шешіледі.
Газетке жазылғандардың ішінде оқып алып, қоқысқа тастайтындары бар. Бұлай істеу қате. Оқып болған соң көршісіне немесе ауылдағы ағайынға оқуға бергені жөн. Сонда оқырман көбейеді. Өзінің ерекше ұнататын авторын насихаттап, газет оқу эстафетасы жүруі керек. Бұрын ата-бабамыз кітап, газетті жерге тастауға болмайтынын айтатын-ды. Газет – ақпаратты ғана емес, ұлттық мәдениетті де жеткізетін құрал. Осындай ой қалыптаспай, қоғамның сана-сезімі биіктен көрінбейді.
– Бұрын ауылдағы малшы қауымның қонышында не газет, не журнал жүруші еді. Қазір лауазымды қызметтегілердің өзі газет ұстап жүргенін көрмейміз. Қазақ газеттерінің ғұмыры қысқарып жатқан жоқ па?
– Құрамына «Егемен Қазақстан» газетінен бастап, 11 басылым енетін «Қазақ газеттері» серіктестігін басқарып отырған адам ретінде газеттің ғұмыры ешқашан үзілмейді деп нық сеніммен айтамын. Бәсеңдеуі, таралымы азаюы мүмкін. Бірақ жойылмайды. Газет соңғы оқырманы қалғанша шыға береді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».