
Өңіріміздегі қазақ тіліндегі жалғыз облыстық басылым – “Soltústik Qazaqstan” газеті елдің шетінде, желдің өтінде тұрған қасиетті Қызылжар жұртшылығының рухани ақылшысы іспетті. Басылым алдағы жылы өзінің 100 жылдығын атап өтпек. Бұл дата бар саналы ғұмырын қарашаңырақтың өсіп-өркендеуіне арнаған ардагер журналистер, болашағын газетпен байланыстырған тілшілер қауымына ғана емес, оқырмандар үшін де айтулы оқиға болмақ. Өйткені, есімдері өңірімізге белгілі аға буын өкілдерінің барлығы дерлік ұлттық мүдде жолында күрескен ардақтылардың көзіндей болған осы газет арқылы өсті, тәрбиеленді. Бойымыздағы туған елге, өскен өлкеге, ана тілімізге деген махаббат осы басылым арқылы дарыды десек қателесе қоймаспыз. Сондықтан да қай кезеңде де өзінің басты мұратынан жаңылмай келе жатқан басылымды қолдауды, оның қуанышына ортақтасуды басты міндетіміз санаймыз.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай ауылы – бірлігі мен тірлігі жарасқан елді мекендердің бірі. Мұнда тірлік кешіп жатқан әрбір отбасының өз перзенттерін ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге ден қойғаны қуантады. Ноғайбайлықтар ойлы оқырман жүрегіне танымдық дүниелермен, тарихи мақалалармен жол салып отырған облыстық басылымға жыл сайын жазылады. Қазіргі уақытта елді мекенде түтін түтетіп отырған барлық үй “Soltústik Qazaqstan” газетіне алдағы жылға жазылуға қамдануда.
Газет сөзі тасқа таңбаланған жазудай, өзінің құнын ешқашан жоғалтпайды. Керісінше, оны оқымаған, басылым көтерген мәселелерге құлағын түріп жүрмеген адамның бағындырар биігі мардымсыз болмақ. Жүрегі “қазақ” деп соққан әр азаматты халықтың сөзін сөйлеп, мұратын көксеп отырған абыз басылымға бір кісідей жазылуға шақырамыз.
Ноғайбай ауылы тұрғындары атынан:
Алтынбек САПАРОВ,
Алтынай ЕСМАҒҰЛОВА,
Берік БАЛТАШҰЛЫ,
Нұрлан БУКЕЛАЕВ,
Балтабай БӘЖЕНОВ,
Қабимолла ОСПАНОВ.