«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ГАЗЕТ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНЫ

“Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға “Алаш” деген атты аламын.

Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын”, – деп ұлтын өз жанынан артық сүйген ақынның бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлап өткендей, “Soltústіk Qazaqstan” газеті де ғасырға жуық уақыттан бері халқымыздың жоғын жоқтап, намысын қайраумен келеді.

Жасыратын несі бар, биылғы баспасөзге жазылудың барысы өте сылбыр. Бүгінгі күнге дейін біздің газетімізге бар болғаны үш мың адам ғана жазылды. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов секілді асылдарымыз іргесін қалаған басылымның оқырманы азайып қала ма деген күдік бізді де қатты алаңдатады. Бірақ босқа қарап отырған жоқпыз, редакция тілшілері аудандарды аралап, ауыл тұрғындарымен, ұстаздармен кездесулер өткізуде. Осындай жиындарда елім деп еміреніп, жұртым деп жүрегі елжіреп тұрған азаматтардың бар екенін көргенде төбеміз көкке жеткендей қуанып қаламыз.

Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы “Soltústіk Qazaqstan” газетіне қолдау білдірейік, деп бізбен бірге жанұшырып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – Шал ақын ауданындағы Қаратал ауылының тұрғыны Орынбай Сексенов. “Ауылдағы “Мен қазақпын” деген шаңырақты түгел аралап, мен үшін орны бөлек басылымның таралымын көбейтуге қолымнан келгенше атсалысамын, – дейді ол. Байырғы оқырманымыз: “Газет адамның көкірек сарайын ашып, ой-өрісін кеңейтіп, сана-сезімін тереңдетеді ғой”, – деп ағынан жарылды.

Облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі, газетіміздің тұрақты авторы Ділбар Бегалина да әріптестерінің арасында “Soltústіk Qazaqstan”-ды біз, ұстаздар қолдауымыз қажет. Намысымызды қамшылайық, таралымның көбеюіне көмектесейік”, – деп жүрекжарды сөзін айтып жүргенін естідік. Сөзімен ғана емес, ісімен де басқаларға үлгі болып жүрген жанашырларымызға алғысымыз шексіз.

 Айгүл ЫСҚАҚОВА,“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp