«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ГАУҺАРДЫҢ” ТОНЫ ҚАНДАЙ?!

Облыс орталығындағы “Гауһар” тігін шеберханасының қызметін пайдаланушылар қатары жылдан-жылға толыға түсуде. “Гауһар” шеберханасы 1998 жылы құрылған. Аумалы-төкпелі кезеңдегі қиындықтарға төтеп беріп, нарықта өз орнын тапқан тігін цехының даму қарқыны ерекше.

Әңгіменің әлқиссасын әуелі Дәми Туғымбаевадан бастағанымыз жөн болар. Дәми Жұмағұлқызы киім пішуші болып 40 жыл еңбек еткен. Төккен тері зая кетпей, елдің құрмет-даңқына да бөленген. “Анаға қарап қыз өсер” демекші, ананың тәрбиесін алып, өнегесін ұққан қыздары да – бүгінде он саусағынан өнері тамған шеберлер. Солардың бірі – Күлғайша Туғымбаева. Әпкесі Күлпан Тәкеновадан сыйға қалған “Гауһар” шеберханасының бүгінгі қожайыны – Күлғайша Ережепқызы. Ол 2010 жылдан бастап тігін цехының жұмысын қолға алған. Ал Туғымбаевтар әулетінің жалпы еңбек өтілі – 77 жыл.

– Менің мамандығым – педагог. Кезінде аз-кем ұстаз болып еңбек еттім. Бірақ кейін бизнеспен айналыстым. Қазір зейнеткермін. Дегенмен, мен ешқашан еңбек етуден жалыққан емеспін. Өйткені, еңбек адамды алға жетелейді. “Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер” деп қазақ бекер айтпаған. Сондықтан қазір “Гауһар” тігін шеберханасының жұмысын үйлестірудемін. Ал әпкем болса Астанаға қоныс аударып, сол жақта дәл осындай тігін цехын ашты. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктері де бар, – дейді Күлғайша Туғымбаева.  

Тігін цехы былғары сырт киімдер мен тондар тігумен айналысады. Сондай-ақ, былғарыдан жасалған ескі сырт киімдерді қайта қалпына келтіреді. Шикізат, яғни былғары, ине, жіп, қайшы, тіпті, теріні сызатын арнайы қаламға дейін Түркиядан әкелінеді екен. Өйткені, қазір адамдар сапалы киім кигісі келеді. Ал сапа бар жерде сұраныстың болатыны белгілі. Жергілікті тұрғындар мен облыс аудандарынан, Көкшетау, Тараз, Астана қалаларынан, сондай-ақ, көршілес Ресей елінен тапсырыс берушілер көп. Күлғайша Ережепқызының айтуынша, олар былғары сырт киімдер мен тон ғана тігеді. Тігін шеберханасы бұрын сырт киімді өздері тігіп, сатылымға шығарумен айналысса, қазіргі таңда тек қана тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Білікті басшы алдағы уақытта тағы да бірнеше қосымша жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда шеберханада 4 адам жұмыспен қамтылған. Жалақылары да уақытында төленіп тұрады. Ал тігілетін сырт киімдердің бағасы әртүрлі. Бастысы – қолжетімді. Былғары сырт киімдерге қарағанда, тондарды тігу мен қалыпқа келтіру әлдеқайда қиын. Сол себепті оның бағасы қымбатқа түсуі мүмкін. Мысалы, “Гауһар” шеберханасы тон тігу үшін 20 мың теңге алады. Ал базарда 20 мың теңгеге ешқандай тон таба алмайтыныңыз анық.

Жаз айларында тігіншілердің қолы біршама босайтын көрінеді. Өйткені, жазда сырт киім тіктіруге тапсырыс берушілердің саны азаяды. Бірақ күнделікті қым-қуыт шаруадан қолдары босамайтын тігіншілер отыруға уақыт жоқ дейді. Тігіншілер демекші, мұнда өз ісінің шеберлері жұмыс істеуде. Бірі киім пішсе, екіншісі теріні кеседі. Енді бірі тігу жұмыстарымен айналысады. Осы орайда шеберханада15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Мәншүк Опанова өз ұжымына дән риза екенін айтады.

– Мен бала кезімнен киім тігуді армандайтын едім. “Гауһар” шеберханасына 2000 жылы жұмысқа орналастым. Басында қиындық болды. Бірақ мен өзімнің мамандығымды сүйемін. Жұмысымды да қызығушылықпен істеймін. Біз мұнда тұрақты жұмыспен қамтылып, балашағамызды асырап отырмыз. Ал ерінбеген адамға жұмыс істеу ешқашан қиындық келтірмейді. Сондықтан кез келген адам еңбектен ешқашан қашпауы керек, – деді тігін шебері Мәншүк Есенғазықызы. Киім пішу шебері қазіргі таңда клиенттермен тікелей жұмыс жүргізіп, тапсырыс қабылдаумен айналысады.

Тігін шеберханасы колледж оқушылары үшін өндіріс алаңына айналған. Осындай игілікті істің бастамашысы болып, жастарға бағыт-бағдар берумен айналысып отырған Күлғайша апайдың еңбегі орасан зор. Жалғыз колледж оқушылары ғана емес, мұнда өзге де тігін цехтарының тігіншілері келіп, тәжірибеден өтуде.

“Гауһардың” тәжірибесіне басқа тігін цехтары да ден қойып отыр десек, артық айтқандық емес. Мәселен, біз болған күні “Кәусар” тігін цехының қызметкерлерін осынан кездестірдік.

– Былтыр 29 тон тіктірсе, биыл ерлердің былғары сырт киімінің 34 данасына тапсырыс берген. Тараз қаласының “Ақ ниет” тері цехымен біз былтырдан бері әріптестік байланыс орнаттық. Осының негізінде сырт киім тігіп, оны сатумен айналысамыз. “Кәусар” тігін цехы жаңа ғана ашылғандықтан, біздің мамандарымыздың тәжірибесі аз. Сондықтан “Гауһар” шеберханасының көмегіне жүгінуге тура келді. Біз мұнда сырт киімдерді төмен бағамен тіктірудеміз. Өнімдердің сапасы өте жоғары. Тігіншілердің тәжірибесі де мол, – деді өз сөзінде тапсырыс беруші “Кәусар” тігін цехының басшысы Жомарт Құсайынов.

Ақмарал ЖАНҒАЛИЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp