«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ГАУҺАРТАС” – СЫР СҰЛУЫНА АРНАЛҒАН ӘН

“Ажарың ашық екен атқан

таңдай,

Нұрлы екен екі көзің жаққан
 шамдай.
Анаңнан сені тапқан
 айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай”, – деп басталатын әйгілі “Гауһартас” әнін көпшілік жақ­сы бі­леді. Бұл – жазушы Ду­лат Иса­бековке көркем шы­ғар­ма жазуға сеп болған, шабыт­тандырған, қанат­­тандырған ән. Қазақтың ал­ғашқы ғарыш­кері Тоқтар Әубә­кіровтің көңіл түкпі­ріндегі сағынышын басқан, далаға деген махаббатын еселей түскен туынды. “Гауһартастың” қаншалықты бағалы екенін біз айтпай-ақ қояйық. Бірақ халық мұрасына ай­нал­ған қазына өмірге қалай келді? Ол кімге арналды? Қай жер­де шықты? Міне, мәселе қай­да жатыр. 

Ән тарихын зерттеген мамандар бұл өлеңді Сегіз серінікі екенін айтады. Бұл кісі әрі батыр, әрі ақын, әрі композитор бол­­ған өз заманының озық ойлы адамдарының бірі еді. Ол жайында Бексұлтан Нұржекеұлы: “Сегіз сері 1818 – барыс жылын­ың наурыз айында туып, отыз жеті мүшел жасында қайтыс болған. Аз жасаса да, алыптың ісін атқа­рып кеткен адам. Ол алғаш әні “Назқоңырды” Мүкарама сұ­луға 15-16 жасында арнап шы­ғарған. Өзінің өлеңдері мен замандастарының айтуына қара­ғанда, оған Сегіз сері деген ат өте ерте қойылған. Ол он жасында Омбы медресесіне барып, онда алты жыл оқыған. Орысшаны оқы­тушы жалдап үйренген. Мен атақты батырлардың, әй­гілі адамдардың ұрпағымын де­­ген ұғым оны бала кезінен бау­­­­лыған. Сондықтан ол өзінің жү­ріс-тұрысына, ісі мен сөзіне жас кезінен жауапкершілікпен қараған. Соның нәтижесінде Омбы­дағы медреседе оқығанға дейін-ақ ол домбыра шертіп, қобыз тартып, садақ атып, найза түйреп үйренген. Батыр бабаларына ұқсап киініп, бес қа­руын асынып жүретін болған. Сондықтан оған “Сегіз жасар сері”, “Сегіз қырлы, бір сырлы бала” деген сөздің екеуі де жа­расымды еді. “Мұхаммед-Қа­нафия атының айтылмай, Сегіз сері деген атау оған ерте бе­рілуі осы екі сөздің бір арнада то­ғы­суынан да болған шығар деп ой­лаймыз. Өйткені, ол медресе қабырғасында жүргенде-ақ солай аталған” деген ойын білдіреді. Жазушының “Айқын” газетінде жарық көрген осы мақаласында оның әкесі Баһрам жайында көп айтыла бермейтіні тілге тиек етіледі. Дегенмен, баласының атын Мұхаммед-Қанафия деп қоюына қарағанда, өзіндік білімі бар, ата жолын ардақтаған азамат екені көрініп тұр. Атасы Шақ­­шақ та батыр болған. Оның Қаншайым деген қызынан әйгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтің анасы туған. Демек, Сегіз сері – Ғабеңнің нағашы жұрты. Жазушы Рахымжан Отар­баевтың “Ерлігін Исатайдың жыр­­ға қосқан”, Нә­би­ден Әбутәлиевтің “Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақов”, та­рих ғылымдарының докторы, профессор Зұлқарнай Алдам­жардың “Тарих: пайым мен та­ғы­лым” атты еңбектерінде Се­гіз серінің атасы Шақшақтың шешесі Ақбота әйгілі Сырым ба­­­тырдың туған апасы деген мә­лі­мет келтіріледі. Демек, ол да Даттың қызы. Бұл дерек­терге қа­ра­ғанда Сегіз серінің өзін “атақты батырлар мен әйгілі адамдардың ұрпағымын” деуі – заңдылық.

Әңгіменің ауанын “Гау­һар­тас” әніне қайта бұрайық. Сегіз сері Баһрамұлы Сыр бойын мекен еткен Бақтияр деген кісінің Мақпал атты қызына ға­шық болған. Оның бұл сұлуға арнап шығарған бірнеше өлеңі де бар. “Гауһартас” – соның бірі. Бұл ән­нің тарихын зерттеушілер оның шын ғашық болған, құлай сүйген адамның жүрегінен шыққан жыр екенін айтады. Екеуінің махаббаты тіпті аңызға айналған. Ажа­ры да, қылығы да көңілін баурап алған сері қызға арнап әуелі “Мақ­пал” атты бір ән шығарады.
“Ақша жүз, бота көзді,
қасың қара,
Шашыңды түнде жуып,
күн­­діз тара.
Ниязбенен екеуміз келген
шақта,
Мақпалжан, бұл­ғақ­тамай бізге
қара”, –
дейді. Бұл Сегіздің Мақпалға жаңа ын­тыққан кезінде шы­ғарылған ән секілді. “Алып қашып кетуге келер шамам” деп, қызға өзінің түпкі ойын түгел ашады. Бұдан серінің қызды құлай сүйгенін аңғару қиын емес. Ғашық сері Мақпалға әйгілі “Гауһартас” әнін арнайды. Б.Нұржекеұлы: “Бұл ән – адам шығарды деуге қимайтын ән. Әлдебір құдірет адам түсінбейтін әсермен тудыра салғандай. Ол құдірет, әрине, ғашықтықтың құдіреті. Ауыздан шыққан сөз қандай, жүректен төгілген әуен қандай?!” – деп өз бағасын береді.
Мақпал сұлудың әдемілігіне қарақалпақ Жабы деген де тәнті болып жүреді екен. “Қызыңды маған бер!” деген Жабы Бақтияр байдың әбден мазасын алады. Ақыры Дәуқара деген досымен бірге Мақпалды алып қашады. Оны естіген Сегіз сері оларды қуып жетіп, жекпе-жекке шығады. Махаббат үшін болған шайқаста Сегіз мықтылық танытады. “Маған бұйырмаған сұлу саған да бұйыр­масын” деген Жабы Мақпалды садақпен атқан екен. Жебеден қатты жараланған Мақпал ауылға жетемін деген­­ше қайтыс болады. Бұл туралы Нұржан Наушабаевтың “Сегіз сері баһа­дүр” дастанында айтыл­ған. Ол Жабы мен Дәуқара екеуін де Сегіз найзамен шаншып өлтір­генін баяндайды.
Мақаланы жазу барысын­да көптеген мәліметті пай­да­лан­дық. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында ізденгенге азық бо­лар­лық тарихи деректер бар. Бізге Алматыда тұра­­тын ше­жіреші Оразхан Сейі­тов деген аза­мат Ғылым академия­сын­дағы тың деректерді тауып, қол­жазбалардың суретке түсіріл­ген нұсқасын жіберді. Сол жаз­­бадан Мәди Болатұлы ел ішін аралап жүріп, Жаңақорған ауданындағы Екпінді ауылының тұрғыны Бекен ақсақалмен кездесіп, көптеген мә­лімет жазып алғанын аң­ғаруға болады. Осы кісі айтты деген бір әңгімеде Сегіз сері мен Мақпал сұлудың оқи­ғасы баяндалады. Тіпті, Жанкісі жырау қос ғашыққа арнап дастан шығарған.
Ел арасында “Гауһартас” халық әні деп те айтылады. Осы тұста мына бір деректерді алға тарт­қым келеді. Мақпалдан айы­­рылған Сегіз Рысбике есімді қыз­бен бас қосады. Осы Рысбике апа-мыздың үйіне барып, бес ай бойы бүкіл шығар­масын көшіріп алған Нұр­жан Наушабаев: “Най­манда Бақтиярдың қызына арнап шығарған көпке әй­гілі “Мақпал” әнін” деп жырласа, “Дәл үш жыл Сегізге шә­кірт болдым” деген Жаяу Мұ­са “Ер Сегіз” дастанында “Шығарған Мақпалға арнап “Гау­һартасты”, деп тебіренеді. Се­гіз­бен дәмдес болған Шынияз Жұбайұлы: “Шығарған Мақпалға ар­нап “Гау­һартасты”, Балқытқан өлеңімен тауды, тасты”, – деп кес­телі сөзбен өрнектейді.
Бұл айғақтарда “Гауһар­тас­тың” Сегіз серінің әні екені анық көрініп тұр. Бұдан артық дә­лел­дің қажеті де жоқ шығар. Қа­лай десек те, Сыр бойында өмірге келген, Сыр сұлуына арналған әннің халық мұрасына айналғаны шындық.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,
Жалағаш аудандық “Жалағаш жаршысы”
газетінің бас редакторы.
Қызылорда облысы.
(“Egemen Qazaqstan”,
21 қазан 2019 жыл). 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp