Үстіміздегі айдың 25-26 жұлдыздарында біздің өңіріміздің өнерсүйерлері еліміздің біраз аймақтарының ұлт аспаптар ансамбльдері мен оркестрлерінің қатысуымен өтетін Сегіз сері атындағы республикалық фестивальды тамашалай алады.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының, сонымен бірге филармонияның ұйымдастыруымен еліміздің әр өңірлерінен және Астана қаласынан өнер ұжымдары Петропавлға ат басын тіреп, жергілікті тұрғындарға қазақтың ұлт аспаптарының тартуларын жасамақ.
Осы фестивальды өткізу және оған дайындық жайында ой бөлісу үшін біз оны ұйымдастыру мәселесімен айналысып отырған, облыстық филармонияның директоры Ботагөз Ақмағамбетова мен аталған өнер шаңырағының Сегіз сері атындағы ұлт аспаптары оркестрінің дирижері Қайырлы Ғафуровты әңгімеге тартқан едік.
– Ботагөз Жағыпарқызы, фестивальды ұйымдастыруда қандай мақсатты көздедіңіздер?
– Өзіңіз білетін шығарсыз, соңғы жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Астанада республикамыздың әр өңірлері орналасқан аумағына қарай топтастырылып, оркестрлер концерт қоятын дәстүр қалыптасқан еді. Әрине, әрбір өнер-сүйер адам тікелей Астанаға барып концертті тамашалай алмаса да, теледидар арқылы көреді. Ал біз ұйымдастырып отырған осы фестиваль сол үрдістің жалғасы, жаңаша түрі деуге болады. Біздің шақыруымызды қабыл алған өзге өңірлердің өнер ұжымдарына алдын ала ризашылық білдіретінімізді де айтқым келеді.
Біздің көздеп отырғанымыз – әр облыстардағы ұлт аспаптары ансамбльдері мен оркестрлерінің өнерін байқау, өзіміздің ұжымымыздың мүмкіндіктерін салыстыру, тәжірибе алмасу. Бір атап айтарым – бұл топтарда фольклорлық, этнографиялық сипаттағы өнер ұжымдары да болады. Осы арқылы біздің көрермендеріміз ұлтымыздың көне аспаптарының әуездеріне құлақ түріп, өздерінің ұлттық өнеріміз жайындағы танымдарын байыта алады. Ата-бабаларымыздан бүгінге жеткен жәдігерлеріміздің үніне бой алдырады. Ал ежелгі саз аспаптары халқымыздың тарихын айғақтап, көне дәуірлерден тамыр тартатыны белгілі. Сондықтан, бұл фестивальдың маңызы зор деу орынды.
– Фестиваль өнер таласын көздемейді деуге болады ғой?
– Ондай мақсат қойылып отырған жоқ. Қазылар алқасы болмайды. Бұл конкурс емес, тілеулестік, өнердегі ниеттестік рухындағы концерттер болмақ. Әрбір ұжым өздерінің қабілетін байқаулардағыдай қысылып-қымтырылмай, еркін түрде таныта алады.
– Оған қатысуға қай өңірлер ықылас қойып отыр?
– Атап айтсам, Қызылорда облысының Жаңақорған және Қазалы аудандарынан екі ансамбль келеді. Сондай-ақ, Жамбыл облысындағы Меркеден фольклорлық ансамбль, сол сияқты, Атыраудан елімізге белгілі “Нарын” қазақ ұлт аспаптарының 50 адамдық фольклорлық-этнографиялық ұжымы өнер көрсетеді. Ақтөбеден Ахмет Жұбанов атындағы оркестр сахнаға шығады. Қостанайдан орыс халық аспаптары оркестрі ықылас білдірсе, қазақ өнерінің де осындай ұжымы қатыспақ. Ақмола облысынан Кенжебек Күмісбеков атындағы оркестр мен “Айнакөл” фольклорлық ансамблі өнерін паш етпек. Астанадан Ұлттық өнер университетінің жанындағы студенттер оркестрі тарту жасайды.
– Ал біздің өзіміздің өнерімізді қандай ұжымдар ұсынбақ?
– “Киіз кімдікі болса, білек – соныкі” демекші, фестивальды ұйымдастырып отырғандықтан, біз де қарап қалмаймыз. Облыстық филармония жанындағы Сегіз сері атындағы оркестр мен Руслан Асылхан жетекшілік ететін “Әлғисса” фольклорлық ансамблі сахнаға шығады.
25 қазан күні Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында фестивальдың ашылу салтанаты өткен соң, осы сахнада концерттер қойылады. Әрине, осыншама өнер ұжымдарының концерттерін бір күнде қойып шығу мүмкін емес қой. Сондықтан келесі күні де тамашалайтын боламыз. Сол күні, 26 қазанның кешінде, барлық ұжымдардың үздіктерін іріктеп, Галаконцерт ұсынуды жоспарлап отырмыз.
– Фестиваль конкурс мақсатын көздемесе де, бір тұшымды ой айтатын, жетістіктерді, яки кемшін тұстарды тамыршыдай тап басып, танып отыратын, сондай-ақ, ақжолтай тілек арнайтын майталман өнер иелері шақырылды ма?
– Әрине, бүкіл еліміздің біраз өңірлерінен келген өнер иелеріне нағыз майталмандар баға беруі керек. Біз осыған лайық тұлғаларды таңдадық. Атап айтар болсам, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан былай, әйгілі дирижер Шамғон Қажығалиевтен кейін, Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрін басқарған Алдаберген Мырзабеков және жерлесіміз Жоламан Тұрсынбаев фестивальға келуге ықылас қойып, шақыруға ризашылық білдірді.
– Қайырлы Қабылбекұлы, енді Сізді әңгімеге тартайын. Фестиваль өзіңіз жетекшілік ететін оркестрге де үлкен салмақ жүктейтінін пайымдайтын шығарсыз? Осы ыңғайда өнер ұжымының дайындығы жайында баяндап берсеңіз?
– Мен оркестрдің дирижерлік таяқшасын 2010 жылы қолға алдым. Содан бері төртінші жыл болып қалды. 1999 жылы шаңырақ көтерген оркестр “Есіл” деп аталып келген еді. Маған дейін оған Марат Жақыпов жетекшілік еткен.
Өткен жылы филармония басшылығы ұйғарып, оркестр мүшелері қолдаған соң оған өзіміздің өңіріміздің атақты өнер саңлағы, әнші әрі сазгер Сегіз серінің есімі берілді. Соған орай, осы өткелі отырған фестивальды Сегіз серінің “Гауһартас” әнімен атауды ұйғардық.
Ал даярлық жағына келер болсақ, бағдарламаны күні бұрын жария етуді жөн көрмей отырмын. Оркестр құрамында қырыққа тарта орындаушы бар. Аспаптардан негізгілері – домбыра мен қылқобыз. Домбыраның өзінің бірнеше түрлері болады ғой. Мысалы, бас-домбыра, прима, шертер, альт сияқты домбыралар оркестрде болуы керек. Сондай-ақ, бас-қобыз, сазсырнай, баян, шаңқобыз, осыларға қоса контрабас, басқа да ұрмалы аспаптар қамтылады.
Жас орындаушыларымыз бар. Биыл қаламызда тұңғыш рет жеке концертін берген әнші Біржан Есжанов Астанадағы Ұлттық өнер университетін тамамдап, филармонияға жұмысқа қабылданды. Ол да оркестрге қосылады. Меніңше, “Гауһартас” фестивалі өңіріміздің мәдени өміріндегі ең елеулі оқиға ретінде бағалануы керек.
– Олай болса, біз де оның ойдағыдай өтіп, өнерлерін паш ететін меймандарымыздың көңілінен шығуын, сонымен бірге көрермендердің де ықыласына бөленуін тілейміз.
– Рақмет!
Әңгімелескен
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.