Жексенбі күні таңертең Американың Калифорния штатындағы Инглвуд қаласының “Форум” аренасында өткен кездесуде орта салмақтағы “WBA” (Super), “IBO” және “WBC” (Interim) нұсқалары бойынша әлем чемпиондығы атағын қорғаған жерлесіміз Геннадий Головкин кезекті жеңіске жетті. Ол 6-шы раундта жергілікті боксшы кіші Вилли Монроны техникалық нокаутпен жеңді.
Жекпе-жек барысында Головкин әдеттегідей алға ұмтылып, қарсыласын өзінің жойқын шабуылдарының астына алды. Ең басында-ақ кіші Монроны теңселтіп жіберетіндей бірнеше қатты соққылар жасаған ол екінші раундта қарсыласын, тіпті, екі рет нокдаунға жіберіп үлгерді. Бірақ америкалық боксшы гонг соғылғанға дейін орнынан тұрып, кездесуді жалғастыра алды.
Дегенмен, жерлесіміздің жеңісіне аз-ақ қалды деп қуанған жан-күйерлердің ойы болмады. Үшінші раундта Геннадийдің шабуылы сәл бәсеңдегенін Вилли оңтайлы пайдалана білді. Төртінші және бесінші раундтар да өзара соққы алмасумен өтті.
Алтыншы раунд басталысымен жерлес боксшы ширақ қимыл көрсетіп, Монроны мұрттай ұшырды. Төреші Джек Рейске тоғызға дейін санағанда Монро орнынан көтерілгенімен, кездесуді жалғастыруға қауқарсыз еді. Рингтегі бас қазы екі қолын айқастырып, кездесу аяқталғаны туралы белгі берді. Монро бұл шешімге қарсылық білдірген жоқ. Техникалық нокаут!
Осылайша Геннадий Головкин кәсіпқойлар рингіндегі 33-ші жеңісіне қол жеткізді. Соңғы 20 кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған Головкин әйгілі Майк Тайсонның рекордын жаңартты. Тайсон кезінде қатарынан 19 кездесуін нокаутпен жеңген еді. Ал 28 жастағы кіші Вилли Монро өзінің кәсіпқойлар рингіндегі 21 шайқасында екінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.
(Өз тілшіміз).