
Жамбыл ауданындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің директоры гербицид ұрланғанын айтып, полицияға жүгінді. Қылмыскерлер кәсіпорын қоймасының құлпын бұзып кіріп, 225 литр химикатты қолды қылған. Келген шығын – 900 мың теңгеден астам. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен Петропавл қаласының 1970 және 1986 жылы туған екі тұрғыны ұсталды. Екеуі де бұрын сотталған. Олар былтыр осы серіктестікте жұмыс істеген екен. Ұрланған гербицид иесіне қайтарылды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климовтың айтуынша, облыс аумағында 27 сәуірден бастап «Астық» жедел-алдын алу шарасының бірінші кезеңі өткізілуде. Оның аясында тәртіп сақшылары астық, гербицид, жанар-жағар май, ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектері ұрлығының алдын алу бағытындағы жұмысты жандандыра түсті. Іс-шара басталғалы осы тұрпаттағы 5 қылмыс тіркеліп, оның төртеуі ашылды.