
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Германияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннермен кездесіп, екі жақты іскерлік байланыс орнату жайлы әңгімелесті.
Бүгінгі таңда елімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасалғандығын тілге тиек еткен өңір басшысы құрметті қонақты облыстың әлеуметтік-эконо-микалық ахуалымен таныстырды. Еліміздегі дәнді дақылдардың 25 пайызын өсіретін аграрлы өлкеде ауыл шаруашылығы техникаларына сұраныс жоғары. Қызылжарлық агроқұрылымдар Германияның “CLASS” фирмасының техникаларын кеңінен пайдалануда. Жылдар бойы оның сапасына, жоғары өнімділігіне көз жеткізгендіктен, аталған фирманың өңірімізде филиалы ашылса деген ұсыныс айтылды. Егер ауыл шаруашылығы техникалары облысымызда құрастырылатын болса, бұл жергілікті диқандарға тиімді болар еді. Әрі тоғыз жолдың торабында орналасқан Қызылжар өңірінен Ресей нарығына шығу ыңғайлы болғандықтан германиялық фирма бұл ұсыныстан ұтпаса, ұтылмайды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов “CLASS” фирмасы ұсынысты қабыл алса, арнайы жер бөлініп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалатындығын айтты. Сонымен қатар, жергілікті шаруаларға аталған фирманың қызмет көрсету орталығы да аса қажет. Өңірімізде “CLASS” фирмасының 400-ден астам комбайны бар. Олар істен шықса, қажетті қосалқы бөлшектерді тапсырыспен алдырту оңайға соқпайтын көрінеді. Кейде екі аптаға дейін тосуға тура келеді.
Кездесу барысында қызылжарлық диқандардың қалтасына салмақ салып отырған тыңайтқышты өзімізде өндіру мәселесі де айтылды. Әлемде германияда дайындалатын тыңайтқыштарға сұраныс артып отыр. Осыны атап өткен облыс әкімі Құмар Ақсақалов мейманға тыңайтқыш өндіретін неміс фирмаларына бұл ұсынысымызды жеткізуді сұрады.
Өз кезегінде Германияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннер екі жақтың іскерлік байланыс орнатуына жағдай жасауға әзір екенін айтып, жергілікті билік тарапынан жасалған ұсыныстардың болашақта жүзеге асатынына сенім білдірді.
Кездесу соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов гуманитарлық-мәдени байланыстың да аса маңызды екенін атап өтіп, құрметті қонаққа ақ қайыңның қабығына Қызылжар өңірінің әсем табиғаты бейнеленген картинаны сыйға тартты.