Еліміздің аса көрнекті тұлғаларының бірінің жүрегі соғуын тоқтатты. 2015 жылғы 7 ақпанда, 81 жасқа қараған шағында белгілі жазушы, публицист, қоғам қайраткері Герольд Карлович Бельгер қайтыс болды.
Г.К. Бельгер 1934 жылғы 28 қазанда Ресей Федерациясының Саратов облысындағы Энгельс қаласында поволжьелік немістер отбасында дүниеге келген. 1941 жылы этникалық неміс ретінде Қазақстанға депортацияланған. Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбыраев ауылында өсіп, қазақ орта мектебін алтын медальмен тамамдаған. 1958 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетін бітірген. Институттан кейін Жамбыл облысындағы Байқадам орта мектебінде орыс тілі мұғалімі болған. 1960-1963 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтының аспирантурасында оқыған. Содан кейін “Жұлдыз” әдеби журналының редакциясында әдеби қызметкер болып істеген. 1964 жылдан бері – шығармашылық жұмыста, жазушы, аудармашы және әдебиет сыншысы. 1971 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Неміс тіліндегі “Феникс” альманахы бас редакторының орынбасары болды.
Г.К. Бельгер қазақ, орыс және неміс тілдерін жетік білді. Ол – 40-тан астам кітаптың, солардың ішінде “Дом скитальца”, “Тұйық су”, “Разлад” романдарының, көптеген әдеби-сыншылық және публицистикалық мақалалардың, сондай-ақ, қазақ әдебиеті классиктері шығармаларының орыс тіліне аудармаларының авторы.
Г.К. Бельгер өзінің қоғамдық белсенділігімен және принципті азаматтық ұстанымымен дараланып тұратын. 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
Г.К. Бельгердің жазушы және қоғам қайраткері ретіндегі зор еңбегі мемлекеттік наградалармен лайықты атап өтілген. 1992 жылы оған Президенттің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты жоғары атағы берілді. “Парасат”, ІІ дәрежелі “Достық” ордендерімен және медальдармен марапатталды. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының Б. Майлин атындағы, Қазақ ПЕН-клубының, “Тарлан” және басқа әдеби сыйлықтарына ие болды. Оның есімі Германия Федеративтік Республикасында да жақсы танымал. 2010 жылы ол “Германия Федеративтік Республикасы алдындағы еңбегі үшін” орденінің иегері атанды.
Солтүстікқазақстандықтар өздерінің даңқты жерлесін мақтан тұтады. 2014 жылы Г.К. Бельгерге “Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы” құрметті атағы берілді.
Еліміздің айтулы тұлғасы, нағыз патриоты Герольд Карлович Бельгердің жарқын бейнесі барша қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі-бақи сақталады. Оның бай мұрасы Отанымыз – Қазақстан Республикасына мәңгілікке қызмет ете беретін болады.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі.