20 маусымнан бастап М.Қозыбаев атындағы СҚУ жанындағы қабылдау комиссиясы жұмысын бастады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте университет мамандары жоғары оқу орнына қалай түсуге болатынын және биыл бөлінген гранттар жөнінде айтып берді.
Мамандардың айтуынша, жаңа оқу жылында еліміз бойынша жоғары білім алуға 79 000-нан астам білім гранты бөлінбек. Осыған орай М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде қос дипломды бағдарламалар бойынша 200 грант, сондай-ақ Аризона университетімен бірлескен білім беру бағдарламалары аясында тағы 200 грант бөлінген. Бұдан бөлек, «Серпін» бағдарламасы мен педагогикалық бағытқа да арнайы гранттар қарастырылған.
– Университеттің өзінде квоталық гранттар өте көп. Басқа университеттерге қарағанда біздің оқу орнында шектік балл төмен. Мәселен, педагогикалық мамандықтарға баратын талапкерлер 70 балдан бастап грантқа қабылданады. Мамандық түрлері де аз емес. Сондықтан талапкерлерді біздің білім ошағына шақырамыз, — дейді қабылдау және рекрутинг кеңсесінің жетекшісі Гүлмира Оспанова.
Оның сөзінше, студенттерді жатақханамен қамту – қазіргі таңда маңызды міндеттердің бірі. Осыған орай мамандар оқуға түскен жастарға студенттер үйінен орын береді. Студенттер 4 жыл бойы жатақханада тұрады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».