“Қазақпараттың” хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2015-2016 оқу жылына 32 мыңнан астам грант бөледі. Оның ішінде 2530 грант – жоғары оқу орындарының даярлық бөлімдеріне, 31635-і бірінші курсқа түсетіндерге арналған. Соның ішінде 31135-і – күндізгі, 500-і сыртқы бөлімге беріледі. Техникалық ғылымдар мен технологияларға – 12600, педагогикалық мамандықтарға – 5864, ауыл шаруашылығы мен ветеринарлық ғылымдарға 2670 грант бөлінді. Колледжді бітіргендерді қолдау мақсатында қысқартылған оқу түріне 2875 грант қарастырылған.
Жалпы еліміз бойынша білім грантына ие болу конкурсына 69624 талапкер қатысуда. Олардың арасында 1732 – “Алтын белгі” иегерлері, 322 – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектері, 179 – жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық және республикалық олимпиадалардың, 921 – жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық және республикалық ғылыми жарыстардың, 891 республикалық және халықаралық спорттық жарыстардың жеңімпаздары бар. Оларға мемлекеттік білім беру грантын тағайындау кезінде басымдық беріледі.
“Индустриялық-инновациялық даму басымдықтарына сәйкес металлургия, геологиялық барлау, автомобиль және автомобиль жасау, тамақ өнеркәсібі технологиясы, құрылыс материалдары өндірісі, темір жол техникаларын жасау, мұнай химиясы сынды мамандықтарға гранттар бөлінеді. Сонымен қатар, педагог кадрларды дайындауға да гранттар қарастырылады. Бұған қоса, инновациялық агро-өнеркәсіп кешенін дамытуға да зор көңіл бөлінеді”, – делінген ведомство ақпаратында.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мемлекеттік білім беру грантын беру бойынша комиссиясының жауапты хатшысының орынбасары Өнергүл Мүсілімқызының айтуынша, аталмыш университетке 48 мамандық бойынша грант бөлінген. Бір айта кетерлігі, өңірімізге “Серпін” бағдарламасымен келгендерге (300 адамға 14 мамандық бойынша), жетім балалар мен ауылдық жерлердің түлектеріне, шетел азаматтарына жеңілдіктер қарастырылған.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде мемлекеттік білім беру грантына ие болу байқауына қатысушылардан шілденің 23-інен 31-іне дейін өтініштер қабылданады. Оның нақты қорытындысы тамыз айының алғашқы онкүндігінде белгілі болады. Сондай-ақ, басқа жоғары оқу орындарына грантқа үміткерлер де құжаттарын аталмыш оқу орнына өткізулеріне болады.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан.