Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, экономиканы ғылымсыз дамыту мүмкін емес. Ғылыми-техникалық прогрестің ықпал етуімен қоғамда алға жылжу байқалады. Бүгінгі күні мемлекетіміздің ғылым мен білімді дамытуға бөліп отырған қаражат қоры да қомақты. Жоғары оқу орындарындағы ғылымды қаржыландыруда грант жүйесі – ең жаңа элементтердің бірі. Бұл жүйе – келешегі бар жобаларды іріктеу үшін тиімді ғана емес, сонымен қатар істелінген жұмысты қатаң қадағалаудың құралы. Грант зерттеулердің деңгейін, ғылыми-техникалық әлеуетін, ғалымдардың, ұйымдар мен ұжымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Энергетика және радиоэлектроника” кафедрасында бес ғылыми-техникалық басым бағыт бойынша гранттық жоба жұмысы жүргізілуде. Солардың бір бағытына суасты робот техникасы кешенін жасау және құру жатады. Ол теңіз астындағы шикізат қорларын барлайтын, топырақтан объектілер іздейтін, көтеру жұмыстарын жүргізетін, мұхиттың түрлі графикалық өлшемдерін жасайтын көпфункциялық қызметке ие. Мен осы ғылыми бағыттар жобаларының біріне басшылық еттім. Біздің зерттеген тақырыбымыз “Автономдық аппараттың (роботтың) қозғалысын жартылай виртуалды басқаратын үлгілеу жүйесін” жасауға бағытталды. Жоба автономдық жерасты аппараттарын адамның қатысуынсыз автоматты түрде басқару жүйесі жұмысын, оның шынайы уақыттағы режимін ретке келтіру мен диагностикасын зерттеуге арналған компьютерлік үлгілеу кешенін жасауды мақсат етті. Ол осызаманғы жерасты робот техникасы кешендерін жасау құны мен уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Қазір бұл жоба бойынша жұмысымызды аяқтап, басқа гранттық жобаға өтінім бердік.
Кафедрада қолға алынып отырған екінші маңызды бағыт жүк және астық таситын арнайы вагондарды жөндеу және жинауды автоматтандыруды көздейді. Гранттық қаржыландыру аясында қолға алынып отырған “Темір жол жүк вагондарын айналдырып-көтерудің жоғары дәлдікте автоматтандырылған жүйесі” тақырыбына арналған жобаның жетекшісі – техника ғылымның докторы, профессор Виктор Ивель. Бұл жасалып жатқан жүйе өндірістік робот техникасы кешені болып табылады және ол белгілі технологиялық операцияларды орындау кезінде адамды алмастыратын болады. Ол кешеннің зердесі ауыспалы динамикалық жүктемені автоматты түрде сәйкестендіруге және өлшеуге, энергия шығынын барынша азайту мақсатында басқару жүйесінің алгоритмін түзетуге қабілетті. Бұл жоба бойынша жұмыс әлі жалғасуда.
Еліміздің ғылым жүйесін дамыту үшін кадрлық әлеуетіміздің арттырылуы, ғылымның өндіріске шоғырлануы қажет. Қазақстандық ғылымның әлемдік деңгейден кешеуілдеп қалуына, негізінен, кадр тапшылығы әсер етеді. Біздің университеттің энергетика және радиотехника кафедрасы отандық әрі әлемдік зияткерлік еңбек нарығына радиоэлектроника, телекоммуникация, автоматтандыру құралдары мен жабдықтарын құрастыру және жобалау бойынша мамандар даярлауды жүзеге асырады. Сонымен қатар кафедра ғылым үшін өткір тұрған кадр жетіспеушілігін шешуге атсалысып, магистранттар мен PhD докторанттарын даярлау үстінде. Студенттер мен магистранттар кафедрадағы ғылыми жұмыстарға белсенді түрде тартылады. Нәтиже де жоқ емес. Студенттеріміздің республикалық конкурстарда жүлделі орындарға ие болуы осының дәлелі.
Юлия ГЕРАСИМОВА,
Манаш Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті
энергетика және радиоэлектроника кафедрасының
доценті, техника ғылымдарының кандидаты.