Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов бастаған делегация Тайынша ауданында болып, су тасқынынан зардап шеккендерге 1 миллион теңге көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті.
Делегация құрамында облыстық дін істері басқармасының басшысы Мұратбек Зейнуллин, Петропавл және Булаев епархиясының хатшысы – протоиерей Сергей Первушин, тәжік, татар-башқұрт этномәдени орталықтары қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері болды. “Қазақстан орыстары қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы, тәжік, татар, башқұрт, әзірбайжан, неміс диаспоралары, сондай-ақ, өңіріміздегі түрік диаспорасының өкілі, “Сұлтан” элеватор-диірмен-макарон кешенінің директоры Идрис Картал су басқан Краснополян және Келлеровка ауылдық округінің тұрғындарына азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттармен көмек көрсетті. Петропавл қаласындағы “Империал” такси қызметінің жүргізушілері де бұл шараға белсене қатысқанын баса айтып өткен жөн.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимовтің айтуынша, бұл шара “Қайырымдылық керуені” жалпыұлттық акциясы шеңберінде ұйымдастырылған.
– “Ырыс алды – ынтымақ” демекші, біздің жас мемлекетіміздің алға қарай қарыштап дамуы ел тұрғындарының береке-бірлігінің арқасында мүмкін болып отыр. Тұрақтылық сақталған елге қашан да бақ қонады. Біз зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуді азаматтық парызымыз деп санаймыз. Баға жетпес байлығымызды, құнды қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, ұлтаралық татулықты дамыту – бүкіл қоғамның алдында тұрған абыройлы міндет, – деді Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов.
Өз кезегінде аудан әкімі Ержан Иманслям көрсетілген көмек үшін барлық тайыншалықтардың атынан алғыс білдірді.
Айгүл ТӘШЕТОВА,
журналист.
Тайынша ауданы.