«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ГҮЛДІ АУЫЛДЫҢ КӨРКІ БӨЛЕК

Имантаудың етегінде жүрек пішіндес көл керіліп жатыр. Таудың жарқабағына қыз күлкілі толқыны еркелей жететін көл атауы – Имантау. Ал оның жағасын бойлай қонған елді мекен таумен де, көлмен де аттас, бірақ жалпақ жұрт оны “гүлдер ауылы” деп атайды.

Өзгелер ақпанның бет қаратпайтын ақ түтек боранымен арпалысып жүргенде, Имантау ауылының тұрғындарының тынымсыз тірлігі басталады. Әр шаңырақтың ауласындағы жылыжай құмырысқаның илеуін еске түсіретін сияқты. Тоғыз жүзден астам шаңырақ түтін түтетіп отырған ауыл тұрғындарының гүл, көкөніс өсіруге машықтануының да өз тарихы бар.
Имантаулықтардың айтуынша, бұл табыс көзін игеру сонау тоқ­саныншы жылдарда басталғанға ұқсайды. Ол кезде ауылда гүл өсі­руге бейім жалғыз жан инженер-гидротехник Тауфик Омаров қана еді. Қырғызстаннан қоныс аудар­ған ақсақал өмірден озғанша қо­лынан кетпенін тастамай жер өңдеуден бел жазбаған. Тіпті, жыл он екі ай жылыжайдан шықпай­тын. Ол осылай имантаулық­тар­дың жаппай гүл өсірумен шұғыл­дануына ұйытқы болған еді.
Бір жылы ауа райы жайсыз болды ма, әлде гүл алушылар азайды ма, Тауфик Омаровтың күні-түні баладай мәпелеп өсірген гүлдеріне сұраныс болмай қалады. Мінезі де өзі өсірген шырайгүлдей көркем ақсақал көп ойланбастан көздің жауын алатын өскіндерді есік алдына шығарып, ауылдастарына тегін таратады. Гүл кімнің көзін қызықтырмайды?! Сол кезде өскіндерді бөліп алған имантаулықтар үйлеріне сұлулықтан бөлек, құт-береке апарғандарын сезбеген болар. “Бағбанның еңбегі еш кетпесін” дегендер гүлді аулаларына егіпті. Кейбірі өсіруге ден қойып, Тауфик Омаров ақсақалдан кеңес сұрай келгендердің қатары көбейген. Ауылдастарын ерекше төзімділік пен шыдамдылықты қажет ететін бағбандықтың құпияларына үйреткен ақсақалдың осылайша азан шақырып қойған есімі ұмытылып, “бағбан бабай” аталып кетеді.
Бүгінде Имантау ауылында бос сенделіп жүрген ешкім жоқ. Осыдан екі жыл бұрын елді мекенде 120 жылыжай болса, бүгінде олардың саны 170-ке жеткен. Қаһарлы қыста басталатын қауырт жұмыстары қара күзге дейін жалғасады. Имантаулықтар қалың жұрт түрін танымақ түгіл, атын естімеген гүлдердің елуге жуық түрін өсіріп, шұғылалы көктемде алғашқы легін тапсырыс берушілерге жөнелтеді. Ал тамылжыған жаздың ортасына дейін өскіндердің екінші легі де дайын болады.
– Гүл – жақсылықтың жаршысы. Осы жайлы аңызды естідіңіз бе? Бағзы заманда жол жиегінде қайыр тілеп отырған жарлыға гүл сатушы қыз себетінің түбінде саудадан артылған гүлді ұстатады. Сол күннен бастап басына әлемнің бағы орнағандай күй кешкен жарлының өмірі түбегейлі өзгереді. Үлбіреген гүлді үйіне әкеліп, ыдысқа салады. Сол кезде ыдыстың сырты кір екенін аңғарады. Ыдысты жуып-шайып, айналасына қараса, үйінің іші лас екен. Еденді жуып жүріп, қабырғада ілініп тұрған сынық айнадан кір қожалақ, сақалы сапсиған құбыжық түрін көріп шошып кетеді. Содан беті-қолын жуып, сақалын алып, адам қалпына келеді. Әлгі гүлді үйінің біресе ана бұрышына, біресе мына бұрышына қойып қатты қуанады. Кейін баяғы қайыршы жеке кәсіп ашып, жарлы-жақыбайларға көмектесіпті, – деген ауыл тұрғыны Павел Богер осы гүлдердің арқасында имантаулықтардың тұрмысы жақсарғанын айтты. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған бағбанның жылыжайында шырайгүл, қараот, жұлдызгүл, жалбыз, барқытшөп және тағы да басқа гүлдер өседі. Гүл өсіруге осыдан алты жыл бұрын ден қойған ол сатып алушылар тарапынан шырайгүлге сұраныс жоғары екенін айтты.
– Ауыл тұрғындары гүлдерді өңірімізден бөлек Ақмола облысы, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына жөнелтеді. Бұл кәсіппен жекелеген отбасылардан басқа жалдамалы 400 адам айналысады. Ал “Кузахметов” жеке кәсіпкерлігі қаржылай мүмкіншілігі жоқтарға жылыжай салуға қажетті материалдар мен тұқымдарды сатып әпереді. Ал жазда олардан өнімдерін сатып алып, тұрғындарға пайда табуға мүмкіндік жасап отыр. Имантаулықтар гүлдің елу, ал көкөністің жиырмадан астам түрінің өскінін сатылымға шығарады. Гүл өсіру маусымы аяқталғаннан кейін, жаздың ортасынан қара күзге дейін ешқандай тыңайтқыш себілмеген экологиялық таза көкөніс өсіреді. Оларға да сұраныс зор, – дейді Имантау ауылдық округінің әкімі Любовь Сердюк.
Әдемілікке, әсемдікке әуес ауылдың бүгінгі тіршілігі көңіл қуантады. Бір-біріне мейіріммен, жанашырлықпен қарайтын имантаулықтар елді мекенді өз қолдарымен абаттандырып, көркейтіп, кемкетік тұсын жұмыла жөндеп, түрлі әлеуметтік нысандарды ашқан. Осыдан бірер жыл бұрын оңтүстіктен Имантауға көшіп келген Төлегеновтар отбасының “Бұл ауылдың тұрғындары мейірімді, жанашырлығы мол, ұйымшыл”, – деп таңдануы әсем табиғаттың аясында гүл өсірген бағбандардың шынайы келбетін танығандығы емес пе?!


Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp