Жүйткіген көлігіміз ерке Есілді артқа тастап, Айыртау ауданына қарай бет алды. Қаз-қатар тізілген қарағайлар ақ тымағын бастарына киіп, аппақ шапанын жамылып мүлгіп тұр. Жалғызтаудың оңтүстігіндегі ауылдың іргесінде тұрған «Үкілі Ыбырай» деген белгіге көзім түсті. Көлік жүргізушісіне елді мекенге қарай бұрылуын өтініп, киелі жердің тарихымен танысуды жөн көрдім. Көнекөз қариялардың айтуынша, оңтүстігінде айдарлы төбесі, оңтүстікшығысында Есмұрза деген көлі, қысы-жазы тасып, ағып жататын бұлағы бар, түгін тартсаң, майы шығатын қара топырақты мекен екен.
Тарихы тереңде жатыр
Үкілі Ыбырай ауылының бұрынғы атауы – Өскен. Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен облыстық мәслихаттың 2010 жылғы бірлескен қаулысы және шешімімен белгілі әнші, ақын-айтыскер, классикалық халық музыкасының ірі өкілі Ыбырай Сандыбайұлының құрметіне қойылған. Ыбырай Сандыбайұлы (1860-1930 ж.) – халық композиторы, әнші, ақын-импровизатор. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты №5 ауылда дүниеге келген. Үкілі Ыбырай арабша сауатты болған, әнге, өлеңге құмар, ол қазақтың атақты әнші- ақындарынан (Шөже, Біржан, Ақан сері т.б.) үлгі-өнеге алып, олардың творчестволық дәстүрін бойына сіңірді. Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» (4 түрі), «Шалқыма», «Көкше», «Желдірме» сынды 40-қа жуық әні бар.
Ауылдың тумасы, ұзақ жылдар бойы облыстық жер қатынастары басқармасында қызмет еткен ақсақал Сапарбек Құнанбайұлының айтуынша, 1930 жылы Құрман, Алпыс, Байбол, Жерін, Тоғай, Деріпсал, Таубай ауылдары біріктіріліп, «Өскен» деп аталатын кеңшар құрылыпты. Сапарбек ағамыздың арғы атасы – Дәулетбай өте ауқатты кісі болған екен. Қызылжар өңірінің, Түмен облысының жерін жайлауға айналдырған. Бұл туралы деректер ғалым Шоқан Уәлихановтың жазбаларында айтылады. Ақын Төлеген Қажыбаев «Шалқұйрық» өлеңінде Дәулетбай байдың байлығы мен өмірін суреттеген. Жоңғар қонтайшысы Қалдан Сереннің баласы Шарышпен жекпе-жекке шыққанда Шалқұйрық Шарыштың атын құлатады. Дәл сол сәтте Абылай қалмақтың басын көк желкеден қиып түсірген. «Абылай хан Сабалақ деген атпен біздің бабамыздың жылқысын баққан. Ол жорыққа аттанарда Дәулетбай бабамыз Абылайға Шалқұйрық деген тұлпарын мінгізген. Сол тұлпардың үстінде Шарыштың басын алып, Абылай атанған», – деп Сапарбек ақсақал осы бір деректермен таныстырып өтті.
Мектепте мәселе көп
Кез келген ауылдың тірегі – мектеп екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. 1984-85 оқу жылында ауыл тұрғыны Сәкен Махметов билік өкілдеріне Өскен ауылының 3 жылдық бастауыш мектебін 9 жылдық етіп қайта ашу туралы хат жолдайды. «Бұл өтініш аяқсыз қалмай, 1989 жылдан бастап жаңа білім ордасының негізі қалана бастады. Жаңа білім ошағы 1990 жылы Үкілі Ыбырайдың туғанына 130 жыл толуына ашылып, мектеп ауласына Үкілі Ыбырайдың бюсті орнатылды. 2 лингафон кабинеті, магниттік тақта, еңбек кабинеті толық станоктармен жабдықталып, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, математика мен биология пәндерінен сабақ беретін мұғалімдер қатары көбейе бастады», – дейді мектептің бұрынғы басшысы Балжігіт Махметова.
Дегенмен бұл қуаныш ұзаққа созылмай, білім ошағы 1996 жылы жабылып қалады. Ауыл тұрғындары билік өкілдеріне мектепті қайта ашу туралы хат жолдаса да, еш нәтиже шықпаған. 2001 жылы болған Сапарбек Құнанбайұлы ағамыз облыстың сол кездегі әкімі Қажымұрат Нағмановқа барып, мектеп ашып беруін өтінген. Ағамыздың сөзі жерде қалмай, өңір басшысының тапсырмасымен мектеп тоғызжылдық болып қайта ашылып, күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұр.
Бұл сапарымызда біз мектепке арнайы бас сұқтық. Мектептің кіреберісінде улап-шулап жүрген оқушыларды кездестіре алмадық. Спорт залында жаттығып жүрген болар деген ойымыз да жоққа шықты, зал деген атымен жоқ. Мектептің тарлығы аздай, бөбекжай, одан қалды медициналық пункт білім ордасының ішінде орналасқан екен. Бұл жайдың мәнісін Қамсақты ауылдық округінің әкімі Қайсар Махметовтен сұрап білдік. «Иә, бұл – көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе. Жуырда осы мәселе бойынша аудан әкіміне жолықтым. Үкілі Ыбырай ауылында кеңес үкіметі кезінде салынған Мәдениет үйі бар. Сол Мәдениет үйін сатып алуға қаржы бөлінбек. Сатып алғаннан кейін жобалық-сметалық құжатын әзірлеп, ішін жөндейміз. Бұл мәселе жуық арада шешіліп қалуы мүмкін. Ал Үкілі Ыбырай мен Бірлестік ауылдарындағы мектептерде спорт залы жоқ. Бірлестік ауылында мәдени- сауықтыру орталығы салынып жатыр. Бірақ ол жерде дене шынықтыру сабағын өткізуге болмайды екен. Қос ауылда да Мәдениет үйінің ғимараты бар. Бірлестік ауылындағы Мәдениет үйіне қажетті жобалық- сметалық құжаттарды әзірлеуге аудандық мәдениет бөлімі тапсырыс берді. Яғни ол сол бөлімнің балансына берілген», – деді ол. Қайсар Қалиұлы 41 үй түтін түтетіп отырған ауылдың Үкілі Ыбырай, Ақан сері көшелеріне қиыршық тас төсегенін де айтып өтті.
Тұғырлы тұлғалар мекені
Бұл ауылдан есімдері елге белгілі небір ардақты тұлғалардың шыққаны белгілі. Оны мен Кәкімбек Салықовтың «Ақсұңқар қанатында» атты еңбегінен оқығанмын. «Құрмет белгісі» орденінің иегері, техника ғылымдарының докторы Әшірбек Құнанбаев Өскеннің киелі топырағында құндақталған. «Әшірбектің бір ерекшелігі қай жұмыста жүрсе де, оның түбіріне ғылыми тұрғыдан қарап, тәжірибе мен теорияны жалғастырды. Техникалық ғылымдар кандидаты атағын алған диссертациясына да негізділік жасады. Бұл ғылыми жүйе Кеңес одағының шахталарында кеңінен қолданылып, шалғайдағы шет елдерге де тарай бастады. Ғалым-энергетиктің даңқы асты. Әшірбек Құнанбаев, Өмірхан Байқоңыров, Мұқит Бөпежанов, Әбілқас Сағынов, Виктор Васильевич Гурба, Далабай Ешпанов, Сауық Тәкежанов, Негметжан Исинғарин, Қажымұрат Нағманов, Мақтай Сағдиев, Хамзе Жұмабеков, Қасымбек Медиев, Жұмамәді Ибадильдин сияқты қазақтың зиялы азаматтарымен үлкен сыйластық құра білді», – деп жазыпты қаламгер.
Ақын Кәрім Тахауин жайлы сөз болғанда ауылдықтардың жүректерін мақтаныш кернейтіні жалған емес. 1964 жылы академик-жазушы Сәбит Мұқанов Жалғызтауға барады. Кең тынысты дауысы тауды, даланы жаңғыртқан Кәрім Тахауиннің сазды жырына елең еткен қаламгер: «Ой, мынау, Ыбырайдың өзі болмаса да, көзі ғой», – деп бауырына басқан екен.
Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, өз атасы – Үкілі Ыбырай әндерін алқалы топ алдында жиі-жиі шырқаған, өзі көп өнеге алған ұлағатты ұстаз, тағылымды тәрбиеші, халық ақыны, нағашысы Молдахмет Тырбиұлы, жиені – Тайжан Қалмағанбетов, Нұрқан Ахметбеков сияқты сандал саңлақ ақындардың өлең-жырлары мен әсем әндерін ел арасына насихаттауда көп еңбек сіңірген ақын, әнші Мұса Асайынов та Өскен елді мекенінде дүние есігін ашқан.
Халқымыздың теңдесі жоқ дарынды ақыны, сұлулықтың жыршысы атанған Ыбырай Сандыбайұлының туғанына биыл 165 жыл толады. Округ әкімі Қайсар Қалиұлы бұл мерейтойдың атаусыз қалмайтынын айтты.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.
ТҮЙІН:
Ауылдың тұрмысы көңіл қуантарлықтай деп айта алмаймыз. Тұрғындардың қатары жыл сайын сиреп барады. Бос тұрған үйлерді көріп көңіл құлазыды. Жастардың қала жағалап кеткені аға буын өкілдерінің жанына батады. Қайталанбас тұлғаның есімін иеленген ауылдың тереңде жатқан тарихымен танысқан біз тұрғындармен қимай-қимай қоштастық.