Қазіргі таңда көктемгі егіс науқанына ауыл шаруашылығы құрылымдары қызу дайындық үстінде. Есіл ауданының аграршылары қарқынды жұмысқа кіріскен.
Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығы саласында 91 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 169 шаруа қожалығы мен 26 фермерлік шаруашылық бар. Үстіміздегі жылы аудан бойынша 189,4 мың гектар жерге – бидай, 40,5 мың гектарға дәнді дақылдар себу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2 мың гектар жерге картоп пен көкөніс отырғызылатын болады. Биыл 4,5 мың гектарға минералды тыңайтқыштар сіңіру көзделуде, 266,5 мың гектар жерге ылғал жабу жүргізілмек. “Атамекен-Агро-Есіл”, “Атамекен-Агро-Корнеевка”, “Агрохимснаб”, “Заградовское”, “Агро-Profusion СВ”, “Петровка-Агро” мен басқа да жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері іріктеп ылғал жаба бастады.
Алдағы науқанға 37350 тонна тұқым дайындалған. Оның ішінде бидай – 30703 тонна, дәнді дақылдар – 1600 тонна, жемазықтық – 47 тонна, картоп 5 мың тоннаны құрайды. Қолайлы мерзімде көктемгі дала жұмыстарын кешенді жүргізу үшін аудандық ауыл шаруашылығы құрылымдарында 1236 трактор, 73 егістік кешені, 1147 тұқымсепкіш бар. Бүгінгі таңда техникамен қамтамасыз етілу 99 пайызды құрайды. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы құрылымдары 79 миллион теңгенің 13 техникасын сатып алды. Көктемгі дала жұмыстары басталғанша қосымша 2 егістік кешені, 6 трактор, 15 тұқымсепкіш техникасы әкелінеді. Егістік жұмыстары үшін ауданға 4260 тонна дизель отыны қажет болса, соның 70 пайызы бүгінде қолда бар. Бұдан бөлек 2,5 мың тоннаны құрайтын дизель отынын жеткізуші операторлармен келісімшарт жасалды. Бүгіндері қажетті жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Диқандар мамыр айының бірінші онкүндігінде көктемгі егіс науқанына жаппай кіріспек.
Асқар НҰРЫМОВ,
Есіл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі
басшысының міндетін атқарушы.