«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАЙЫНДЫҚТАРЫН ПЫСЫҚТАДЫ

Бескөл ауылында «Көктем 2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев, аудан әкімі Жанат Сәдуақасов пен және облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камалов қатысты.

 

Жиынның негізгі мақсаты аудандағы инженерлік техника мен су сорғыш құрылғыларының жарамдылығын тексеру, төтенше жағдай орын алған жағдайда жауапты органдардың дайындығын пысықтау болды.

Биыл  аудан бойынша жиырмаға жуық елді мекенді су басу қауіпі жоғары. Соның ішінде, Есілдің саласының бойында орналасқан Бескөл ауылы да бар. ТЖ қызметкерлерінің айтуынша үстіміздегі жылы қардың қалыңдығы орта есепті көрсеткіштен 1,5 есе көп. Оның үстіне Есіл арқылы Ақмола және Қарағанды облыстарынан жіберетін ылғал мөлшеріне байланысты су тасқыны қауіпі туып тұр.

-2017 жылы Бескөл ауылының шетіндегі үйлерге қызыл су енген болатын. Сондықтан Береговая көшесін жағалай ұзындығы үш шақырым, биіктігі екі метр болатын бөгет тұрғызылды. Алайда оны әлі де биіктету керек, — дейді аудан әкімі Жанат Ғаббасұлы.

Аудан басшысының айтуынша, бүгінде арнайы штаб құрылып, әкімдікте тәуліктік кезекшілік жұмыс жасайды. Елді мекендерді қардан тазалау үшін 33 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Аудан бойынша 300 тонна инертті материал әзір тұр. Сонымен қатар жүз жетпістей техника су тасқыны кезінде әрекет етуге дайын және қажетті жанар-жағармаймен қамтылған. Аудандағы мектептерде эвакуациялық пунктер мен халықтың мал-мүлкін жайғастыратын орындар да сайланып қойды.

Фархат ТАСТАМБЕК.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp