Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Аққайың ауданындағы Дайындық ауылына барды. Елді мекенде үш нысан – мәдениет үйі, балабақша, ойын-сауық орталығы ашылды.
Бүгінде Дайындық ауылы – өңірдегі алдыңғы қатарлы елді мекендердің бірі. Бұл еселі еңбек – ауылына жанашырлық танытып отырған «Дайындық-Агро» ЖШС директоры Біржан Шаймерденовке тиесілі. Бұл ауылда небәрі 28 үй қалса, қазіргі таңда олардың саны 86-ға жетті. Ауылға жаңа отбасылар қоныстанып, тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік нысандар бой көтеруде.
Осы жолы 1967 жылы салынған мәдениет үйінің ескі ғимараты жаңартылып, «Шаңырақ» ойын-сауық орталығы болып қайта ашылды. Мұнда аптасына бір рет ересектерге арналған би кештері ұйымдастырылмақ. Қалған күндері оқушылар үшін түрлі үйірме жұмыс істейді.
Ал Мәдениет үйі үшін жаңа ғимарат салынды. Жарқыраған жаңа нысанға көшкен ұжымның жоспары көп. Бұған дейін домбыра үйірмесі, әжелер клубы, мұғалімдердің вокал тобы, көркем гимнастика жұмыс істесе, ендігі мақсат – «Сағындырған әндер-ай» әншілер тобын құру.
Келесі ашылған нысан – балабақша. Бұрын ауылда 18 орындық балабақша болған екен. Соңғы кезде кіші топқа өтінімдер көбейіпті. Ауылда баланың саны артқан соң балабақшаны кеңейтуге тура келген. Енді ол бір мезетте 40 баланы қабылдай алады.
«Ауылдың өсіп-өркендеуіне аянбай үлес қосып жүрген жерлесіміз Біржан Шаймерденовке ерекше алғысымды білдіремін. Тек биылдың өзінде ол жеке қаражаты есебінен ауылда балабақша, 300 орындық Мәдениет үйін, спорт кешенін салып, мәдени-сауықтыру орталығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін 15 тұрғын үй салды. Бұл – бизнес өкілдерінің ауылдың дамуына белсене араласуының жарқын үлгісі», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Қазіргі таңда Дайындық ауылында балабақша, мешіт, Мәдениет үйі, жастар үйі, спорт кешені, май өңдейтін зауыт, қасапхана, «Аққайың» тойханасы, дүкен, медпункт, жөндеу шеберханасы, монша жұмыс істейді.
Перизат ӘМІР,
«Soltüstık Qazaqstan».