«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАЙЫНДЫҚ ОЙДАҒЫДАЙ

Биыл қар әдеттегіден көп түсті. Мұндай жағдай көктем кезінде өңір тұрғындары үшін бірқатар қиындықтар туғызатыны анық. Көктемгі су тасқынымен күреске 2 мыңға жуық адам, 1,5 мыңнан астам тех­ника тартылмақ. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен баспасөз мәслихатында хабарланды.

Департаменттің басқарма бастығы Рүстем Жұмағалиевтің айтуынша, өзен-көлдердегі мұз ерте еріп, тасқын судың қарқыны қатты болады деп күтілуде. Су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыру барысында қар көп түскен бес мыңға жуық тұрғыны бар 92 елді мекен назарға алынған. Сондай-ақ, өңіріміздегі ірі су қоймаларындағы ахуал да департамент мамандарының жіті бақылауында. Жауапты мамандар бүгінде облыс аумағында барлығы 26 гидротехникалық құрылыс нысанын, соның ішінде Петропавл және Сергеевка су қоймаларын назарда ұстауда. Бұл су қоймалары сәйкесінше 87 және 95 пайызға толған.
– Су басу қаупі бар жеке тұрғын үй секторлары ерекше бақылауға алынды. Негізгі қауіп Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысақты өзендерінен келуі мүмкін. Бұл өзендер арнасынан асса, Тайынша, Қызылжар, Есіл және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы өзен бойында орналасқан елді мекендер мен Петропавл қаласының шеткі шағынаудандарына су кіруі мүмкін, – деді Рүстем Жұмағалиев.
Бұдан кейін сөз алған облыстық жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқармасының бастығы Нұрлан Бүркіталин өңірімізде көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Биыл көктемгі су тасқынымен күреске бюджеттен 500 млн. теңге бөлінген. Соңғы жылдары материалдық-техникалық базаны нығайтуға 355 млн. теңге бағытталды. Сөйтіп, 26 “МТЗ-82” және 3 “К-704” тракторлары сатып алынды. Бұдан бөлек, өнімділігі жоғары 5 мотопомпа, 15 сорғы аудан әкімдіктеріне, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке және “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген.
Аудандар мен Петропавл қаласының әкімдіктері көктемгі су тасқынына жеке құрамнан 1911 адам тартып, 1540 техника, оның ішінде 329 су сорғыш және 122 жүзу құралдарын дайындады. Су тасқынының бетін қайтаруға қажетті 189 тонна жанар-жағармай, 17 тоннадан астам инертті материал және 29 мың қап әзірленді.


Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp