«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Тайынша ауданында көктемгі су тасқынына дайындықты тексеру, қауіп-қатерлерді жан-жақты талдау және қажетті шараларды қабылдау мақсатында кеңес өтті.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Келлеровка ауылындағы жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Енді ауыл тұрғындары жыл бойы спортпен шұғылдана алады.

Бұдан әрі өңір басшысы «КАЖ Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалына барып, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау және су тасқынына дайындау туралы есепті тыңдады.

«Тұрақты негізде қар алудан қорғайтын қалқандарды, қорғаныс қабырғаларын, уақытша жол белгілерін орнату, су өткізгіш құбырларды жабу сияқты жұмыстар жүргізіліп келеді. Боранда жолды қар алып қалмауы үшін қар ұстау жұмыстарын белсенді жүргіземіз», – дейді «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Талғат Смағұлов. Ол үшін жаңа арнайы техника сатып алын ған, қажетті шаралар қабылданған. Облыс әкімі 500 адам жұмыс істейтін «Biooperations» зауытына да барды. Кәсіпорын глютен мен крахмалды Үндістан, АҚШ, Колумбия, Норвегия және Еуро Одақ елдеріне экспорттайды. Өткен жылы зауытта кебекті түйіршек түрінде шығаратын жаңа цех іске қосылды.

Ал су тасқынына дайындық пысықталған кеңесте жауапты органдар басшыларының, сондай-ақ Тайынша, Аққайың, Ақжар және Уәлиханов аудандары әкімдерінің есептері тыңдалды.

«Көпжылдық бақылауларды есепке алсақ, негізгі су тасқыны наурыздың үшінші онкүндігінде басталып, мамырдың бірінші онкүндігіне дейін жалғасады. Наурыз жылы және жауын-шашынды болмақ. Бұл қардың тез еруіне ықпал етеді», – деді «Қазгидромет» РМК филиалы директорының орынбасары Наталья Левина.

Кеңестің Тайыншада өтуі кездейсоқ емес. Өткен жылы аудан еріген қар суының зардабын тартты. Осындай жағдай қайталанбас үшін 11 ауыл мен Тайынша қаласында жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын топырақ бөгеттері нығайтылды.

Былтыр ауданда еріген қар суын ағызу үшін жолдарды бұзуға тура келді. Мұндай оқиғалардың алдын алу мақсатында 61 су өткізгіш құбыр орнатылды. Аудан орталығында қосымша 24 құбыр төселіп, 7 шақырым су бұру арналары салынды.

Су тасқыны Аққайың, Ақжар және Уәлиханов аудандарына да қауіп төндіріп отыр. Осыған байланысты аудан әкімдеріне көктемгі су тасқынына мұқият дайындалып, қажетті инертті материалдар мен техниканы дайындау тапсырылды.

«Ауыр науқастарды, босанған әйелдерді су басу қаупі бар елді мекендерден алдын ала шығару қажет. Әр адам үшін жеке жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан алдын ала жұмыс істеу керек. Дәрі- дәрмектерді, азық-түлікті, газды дайындап қойыңыздар», – деген облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов барлық қажетті шараларды 1 наурызға дейін қабылдауды тапсырды.

Наталья АИТОВА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp