Тайынша ауданының Ильичевка ауылы маңында Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының шекаралас аумақтарын өрттен қорғау бойынша тактикалық жаттығулар өтті. Оған жергілікті атқарушы органдар, орман мекемелері, медицина қызметкерлері, полицейлер және екі өңірдің өртсөндірушілері қатысты.
Аталмыш шарада әр сала мамандарының дайындығына ерекше көңіл бөлінді. Ұйымдастырушылардың берген қысқа нұсқауынан кейін жасыл желектің бір шеті отқа оранып, орманда өрт басталды. Өртсөндірушілердің бір тобы оқиға орнына тікұшақпен жеткізілді. Жасақтың жартысы от шыққан жердің айналасын жыртуға кіріссе, енді бір тобы отқа оранған қайыңдарға су шашты. Алайда, жел күшейіп, от лаулай түсті. Бірақ өз ісін білетін өртсөндірушілер “қызыл әтешті” бұғаулап, оның әрі қарай өршуіне жол бермеді. Орман өрті кезінде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп, жақын жердегі ауруханаға жеткізілді. Полиция қызметкерлері төтенше оқиға орын алған аумақтағы тәртіпті қадағалады. Бұл шараның алдын ала бекітілген сценарийі болатын. Өртсөндірушілер күштерін салып, біліктіліктерін танытуға тырысты.
Кейін шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев оқу-жаттығуға қатысушылардың үйлесімді әрекеттерін, техниканы үздік меңгергендерін, басшылықтың дұрыс нұсқау бергенін ерекше атап өтті.
Аман ӘУЕСХАН,
төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы.