
Петропавл қаласында “Қыс – 2019” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Бұл шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің және аудандық бөлімшелердің жұмысымен танысты.
Шара барысында әрбір қызметкердің төтенше жағдайлар барысында әрекет ету дайындығы, апатты жағдайлардың алдын алу кезінде өз міндеттерін білуі тексерілді. Сонымен қатар облыс орталығындағы ұйымдар мен кәсіпорындардың жанынан құрылған бөлімшелердің дайындық деңгейі, төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккен адамдарды құтқару жұмыстарының барысында көмек көрсетуге арналған арнайы техниканың, жабдықтардың жарамдылығы пысықталды.
Оқу-жаттығу кезінде Петропавл қаласы маңындағы №2 жылу-электр орталығының жылу арнасында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел-құт-қару жаттығулары өтті. Қаншама адамның су құрбанына айналатынын ескерсек, келеңсіз жағдайға тап болғандарды құтқару мақсатында өткізіліп тұратын іс-шаралардың маңызы зор. Соңғы кезде күн күрт салқындап, өзен-көлдердің бетіне мұз қата бастады. Дәл осы кезде жазатайым оқиғалар саны біршама арта түседі. Көбінесе балықшылар судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамайды, құтқару шеңбері және жейдесі, қажетті жабдықтары болмай жатады. Ал осындай қарапайым ережелерді елемеудің соңы қайғылы жағдайларға әкелуі әбден мүмкін.
Оқу-жаттығулар барысында әртүрлі оқыс оқиғаға тап болған адамдар құтқарылып, суға батқандар іздестірілді. Құтқарушылар өз жұмысы барысында ең алдымен шапшаңдық танытуы қажет. Өйткені, адамдардың өмірін сақтап қалу олардың жұмысына тікелей байланысты. Оқу-жаттығу барысында қызметкерлер осы міндетті орындауға қаншалықты дайын екенін көрсетті. Олар зардап шегушіге дереу көмек көрсетіп, қаза тапқан адамның денесін судан шығару барысында кәсіби шеберліктерін таныта білді.
Статистика мәліметтеріне сүйенсек, үстіміздегі жылы облыс бойынша су айдындарында 12 адам қаза болып, 24 адам құтқарылды, соның 16-сы – бала. Құтқарушылар әуесқой балықшыларға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертеді. Су айдындарында оқыс оқиғаға тап болған жағдайда “101” немесе “112” нөмірлеріне қоңырау шалу қажет.
Аман ӘУЕСХАНОВ,
облыстық төтенше жағдайлар
жөніндегі департаменттің
баспасөз хатшысы.