Тайынша ауданындағы іргелі агроқұрылымдардың бірі – “Победа Тайынша” ЖШС. Аталмыш серіктестік те бұл күндері ырыс дәнін ысырапсыз жинап алуға бар күшін жұмылдыруда.
Аудан орталығының іргесіндегі Чермошнянка ауылында орналасқан серіктестік биыл 4305 гектарға бидай, 600 гектарға сұлы, 400 гектарға арпа, 424 гектарға зығыр, 1226 гектарға біржылдық шөп сеуіпті. Агроқұрылым директоры Есімбек Құдабаевтың айтуына қарағанда, орақ науқаны заманауи 8 комбайнның, 2 өздігінен жүретін “Маг Дон” жаткасының күшімен атқарылуда. Олардың екеуі астықты дестеге түсіруге, екеуі тура жинауға, қалғаны астық бастыруға пайдаланылып жатқан көрінеді. Комбайншылар мен астық тасымалдайтын автомобиль жүргізушілері екі ауысымда, яғни тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеу үшін көмекшілермен қамтамасыз етілген.
– Біз де мемлекеттің қолдауы арқасында тұқымымызды сеуіп, шыққан егінді өңдеп, бұл күндері өнген өнімді жинап жатырмыз. Тек арзандатылған бағамен жанармай алуға ғана серіктестігімізге 8 млн. 191 мың теңге, гербицидке 4 млн. 873 мың теңге берілді. Қалай десек те, қыркүйек айының ашық күндерін барынша пайдаланып қалуымыз керек. Сол мақсатпен жұмыс істеп жатырмыз. Әзірше 12-13 центнерден өнім алудамыз. Гектар берекелілігін агроқұрылым бойынша 20 центнерден айналдырамыз ба деген жоспарымыз бар, – дейді Есімбек Рүстемұлы.
Агроқұрылым мал шаруашылығымен де айналысады. Тауарлы сүт фермасында 738 бас симменталь тұқымды мал өсірілуде. Олардың 354-і – сиыр. Биыл 350 бұзау алыныпты. Мал шаруашылығымен айналысып жатқан тауарлы сүт фермасына азық дайындау үшін – 35 млн. теңге, селекцияға 7,9 млн. теңге мемлекет тарапынан көмек көрсетіліпті. Серіктестіктің 2650 гектар көпжылдық шөп алқабы бар екен. Бүгінгі күнге дейін содан 1 мың тонна шөп әзірленіпті. Пішендеме дайындау орақ науқанымен қатар жүргізілуде. Олар кемінде 2,5 мың тонна пішендеме әзірлеуді мақсат етіп отыр.
– Агроқұрылымда 111 адам еңбек етеді, солардың 35-і – мал фермасында. Қазіргі уақытта әр сиырдан 10 литрден сүт сауудамыз. Алынған өнім келісім бойынша “Тайынша Сүт” ЖШС-іне жөнелтіледі. Олар 1 литрін 70 теңгеден сатып алуда. Біз үшін бұл тиімді баға. Жыл басынан бері 491,8 тонна сүт, 6,6 тонна ет өндірдік, – дейді орақ науқанының басында жүрген серіктестік директоры Есімбек Құдабаев.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.