«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАЛА ТӨСІНДЕГІ ДҮБІР

Өңірде орақ науқаны қыза түсті. Қолайлы ауа райын пайдаланып қалуға ұмтылған диқан қауымы ала жаздай баптаған сары алтынды шашау шығармай жинап алу үшін екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшті.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының соңғы дерегі бойынша уақытпен санасуды білмейтін шаруалар егістік алқаптардың 65 пайызын, яғни 1 млн. 820,1 мың гектардың дәнді дақылын орып, 2 млн. 784 мың тонна астық бастырды. Қамбаға жеткізілген жаңа астықтың орташа түсімі гектарынан 15,3 центнерден айналуда.

Соңғы күндері майлы дақылдар жинау қарқыны да арта түсті. Биыл бір миллион гектарға жуық алқапқа майлы дақыл сіңірілген болатын. Бүгінге дейін майлы дақылдардың үш жүз гектардан астамына шалғы түскен. Әр гектарынан 6,5-7 центнерден өнім алынуда.

Дәнді және майлы дақылдар сыйымдылығы 6,6 млн. тоннаны құрайтын жергілікті астық қабылдайтын элеваторлар мен қоймаларға жеткізілуде.

– Жауын-шашынның салдарынан егін орағы кешіктірілді. Шаруашылықтарда техника күші мен жанар-жағармай жеткілікті. Науқанға сегіз мыңнан астам комбайн қатысуда. Өткен жылы бұл кезде астықтың 78 пайызын жинап алған едік. Биыл табиғаттың тосын мінезіне байланысты межеден 7-8 күнге кеш келе жатырмыз. Дегенмен, жауын-шашынға қарамастан орақты алдағы 10-15 күнде аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Шақұбаев.

Оның айтуынша, облыс диқандарының 98 пайызы жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілген. Күзгі жиынтерім науқанында Шал ақын және Уәлиханов аудандарының диқандары көш бастап келеді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp