Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін жауапты кезең – көктемгі егіс өңірімізде қызу жүргізілуде. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы хабарлады. 25 мамырдағы мәлімет бойынша солтүстікқазақстандық диқандар жоспарланған 4,2 млн. гектар егіс алқабының 1,6 млн. гектарына дән сіңіріп үлгерген.
Бұл – белгіленген меженің 67,8 пайызы. Жердің тоңы жібіп, топырақ бусана салысымен егіс жұмыстарына кіріскен ауыл шаруашылығы құрылымдары бүгінде майлы дақылға арналған алқаптың 83 пайызына, яғни 759,9 мың гектарға тұқым септі. Осы күнге дейін 31,6 мың гектар жерге картоп пен көкөніс отырғызылды. 82 мың гектарға көпжылдық және біржылдық шөп егілді. Тұқым сіңіруден Есіл ауданы көш бастап тұр. Бұл ауданда жоспарлы жұмыстың 74,5 пайызы тындырылған. Екінші орында – Қызылжар ауданы (74,4 пайыз). Озаттар көшінде Ғабит Мүсірепов (74,2 пайыз) атындағы аудан да бар.
Соңғы аптада Айыртау ауданынында дала жұмыстары қыза түсті. Қырдағы жұмысқа бел шеше араласқан “Исағали” және “Лобаново” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің директоры Сансызбай Хамзинмен жолығып, егіс жұмыстарының барысын сұрап білген едік. Сансызбай Ботыбайұлының айтуынша, қос шаруашылықтың жұмысшылары үстіміздегі жылдың 7 мамырынан дән себуде. “Лобаново” ЖШС-не тиесілі 8400 гектар алқаптың 2600 гектарына зығыр, 2 мың гектарына бидай, 600 гектарға бұршақ, 3000 гектарға арпа және 200 гектарға көпжылдық шөп себілетін болады. Ал “Исағали” ЖШС-нің жұмысшылары 4900 гектарға бидай, 7400 гектарға арпа, 3300 гектарға майлы дақыл, ал қалған алқаптарға бұршақ тұқымын сіңірмек. Қазіргі уақытта жоспарлы жұмыс, сәйкесінше 65 және 46 пайызға орындалған.
– Тұқым сапасы көңілден шығады. Өткен жылы құйылған тұқым тексеруден өткізілді. Егіс науқаны қарқынды жүріп жатыр. Көктемгі егіске қажетті минералдық тыңайтқыш жеткілікті. Оның ішінде азотты және фосфорлы тыңайтқыштар да бар. Жанар-жағармай қоры да жасалды. Техникаларымызды жаңартудамыз. Екі шаруашылықтағы өнімділігі жоғары 11 себу кешені маңызды жұмысқа жұмылдырылған. Бір атап өтерлігі, биылғы жылы “Исағали” серіктестігінің жалпы егістік көлемі 25 пайызға ұлғайтылды, – деді Сансызбай Хамзин.
Бүгіндері алқаптарға бидайдың “Омбы-36”, “Шортанды”, ал арпаның “Европа” сұрыптары себілуде. Бұл сұрыптар Қызылжар өңірінің климатына бейімделген. Екі жүзден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруашылық басшысының айтуынша, егін егу жұмыстары тәулік бойы, екі ауысымда жүргізілуде. “Диқан жерім дейді, жері үшін ерінбейді” демекші, бұл шаруашылық құнарлы жерден мол азық жинауға қызу кіріскен. “Мен әрдайым өз қызметкерлеріме жағымды эмоциямен, жақсы көңіл күймен жұмыс істеуге тырысу керек екенін үнемі айтып отырамын. Сонда бізде өнім мол болады!” – дейді әңгіме соңында Сансызбай Хамзин. Өз кезегімізде біз де бел жазбай еңбектеніп жатқан агроқұрылым басшысы мен жұмысшыларға сәттілік тіледік.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Бағлан ҚОЖАҚОВ,
журналист.