«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАМУДА СЕРПІН БАР

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру және күзгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы талқыланды. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру және күзгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев атап өткендей әр салада өсім бар.
– Алдағы үш жылдың ішінде оңтүстік өңірлерден көшіп келетін отбасыларға арналған тұрғын үйлер салуға 15 млрд. теңге бөлінеді. Тек биылғы жылдың өзінде 3 млрд. теңге қаржыға 428 баспана тұрғызу көзделуде. Бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыстар тек 68 пайызға орындалған. Жыл соңына дейін 136 баспана бой көтермек. Осы орайда аудан әкімдеріне жұмысты ширату қажеттігін ескертеміз, – деді Асқар Жоламанұлы.
Бұған дейін Петропавлда 500 орындық заманауи көпбейінді аурухана салынатыны жөнінде айтылған. Қазіргі уақытта болашақ құрылыс алаңы анықталып, конкурстық шаралар ұйымдастырылуда. Өңір басшысы жаңа нысанға көшірілетін облыстық аурухана, онкологиялық диспансер, перинаталдық орталық, тері-венерологиялық диспансер, кардиологиялық орталық, инфекциялық бөлімшелердің ғимараттары бос тұрмайтынын, яғни басқа мақсатта пайдаланылатынын атап айтты.
Үстіміздегі жы­лы өңірдегі 125 білім ордасын күр­делі жөндеуге бюджеттен 5 млрд. теңге бөлінген. Бұл жұмыстарға 3,3 млрд. теңге жұмсалды.
Бірқатар білім мекемелерінде жөн­деу жұмыстары толығы­мен аяқтал­маған. Кейбір мектептер жаңа оқу жылына уақтылы дайын болмады. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова биыл 63 мектепті 4 мың компьютермен қамту үшін ел бюджетінен 563 млн. теңге бөлінуі қажет екенін айтты.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 1200 орынға шақталған екі жатақхана бой көтереді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер іздестірілуде.
Машина жасау кәсіпорындарында жаңғырту жұмыстары жоспарлы жүргізілуде. “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” және “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамдарына жаңа станоктар жеткізіліп, іске қосылуда. Нәтижесінде 2022 жылға қарай аталмыш кәсіпорындарда шығарылатын өнімнің көлемі 100 млрд. теңгеге артып, 350 млрд. теңгені құрайтын болады.
Дегенмен, проблемалар да жоқ емес. Тайынша ауданындағы “Тайынша май” мен “Bio Operations” зауыттарына жаңадан электр желісін тартуға қаражат уақытында бөлінгенімен, мердігер табылмауда. Егер жергілікті атқарушы биліктің салғырттығынан орын алған кемшілік жыл соңына дейін түзелмесе қаражатты мемлекетке қайтаруға тура келеді.
– Сіздерге конкурстық шараларды ертерек жариялауға не кедергі болды? Жаз бойы не бітірдіңіздер? Бұл жағдайды жеке бақылауыңызға алып, маған нақты ұсыныс беріңіз, – деген Құмар Іргебайұлы Тайынша ауданының әкімі Иван Турковқа, басқа да аудан басшыларына өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Күзгі әскерге шақыру науқаны жайлы есеп берген облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Талғат Әліқұловтың айтуынша, қазіргі уақытта жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Бүгінгі таңда қорғаныс істері департаментіде әскерге жарамды 15521 бозбала тіркеуде тұр. Олардың 114 мыңы денсаулығына байланысты жарамсыз деп танылса, 4076 бозбала алдағы уақытта Қарулы Күштер қатарына шақыртылатын болады. Қазіргі уақытта солардың арасынан 530 солтүстікқазақстандық іріктелген. Ал қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында 473-сі Қарулы Күштер қатарына жөнелтіліп, Отан алдындағы борыштарын өтейді.
Сондай-ақ, биылғы көктемдегі науқан барысында әскери-медициналық комиссияларда дәрігерлердің жетіспеушілігі сезілген болатын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевтың айтуынша, бұл мәселе ескеріліп, бүгінде департамент пен аудандық бөлімдер қажетті мамандармен қамтамасыз етілген.
Жиынды қорытындылаған өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асырудың нәтижесінде 14 мың жаңа жұмыс орны құрылатынын атап айтты.
– Жоспар аясында биылға 92 млрд. теңге бағытталды. Бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау. Қаражат медицина, білім беру, инфрақұрылымды дамыту, өнеркәсіп және туризм сынды маңызды салаларға жұмсалды. Жыл басынан бері оның 85 млрд. теңгесі игерілді. Яғни, көптеген мәселелер өз шешімін тауып жатыр, – деген облыс әкімі өзінің орынбасары Асқар Сақыпкереевке жұмысты қадағалап отыруды тапсырды.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp