«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дамудың басты үрдісі

“Рухани жаңғыру” бағдарламасының ұлттық модернизация үдерісіне ұштасуы алдымызға жаңа мақсат пен міндет қойып отыр. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде бағдарламаның барлық бағыттары бойынша біраз шаруа тындырылды. 2018 жылдан бастап университетте “Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институты құрылған.

 

“Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институты мемлекеттік бағдарламаны екі бағытта жүзеге асырады. Бірінші кезеңі студенттерді іс-шараларға қатыстырып, бағдарламаның концептуалдық идеяларын кеңінен танытуды көздейді. Бұл бағытта жыл сайын “Рухани жаңғыру” бағдарламасының негіздерін жүзеге асыру бойынша университеттің іс-шаралар жоспары құрылады. Жоспарды құру кезінде әлеуметтік және өркениеттік әдіснамалық тәсілдер негізге алынады. Өйткені қоғамдық сананың жаңғыруы социомәдени жүйе саналатын қоғамдағы жұмысты қарастырады. Оның аясында 6 бағыт пен 17 арнайы жоба бойынша алуан түрлі шаралар ойластырылды. Оларға барлық факультеттер, тәрбие және әлеуметтік жұмыс департаменті, Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасы атсалысады.

Тіл саясатының танымалдылығы, мемлекеттік тілді меңгерушілердің артуы аталған бағыттың негізгі көрсеткіштері болып табылады. Бұл орайда, 450-ден астам жастың қатысуымен бірқатар университетішілік шаралар өтті.

“Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” бағыты бойынша студенттердің толыққанды білім алуларына жағдайлар жасау қарастырылған. Аталған шаралар гуманитарлық бағыттағы мамандарды әзірлеуді көздейді. Үстіміздегі жылы, бұл орайда, 7 іс-шара ұйымдастырылды. Мәселен, “Бірегей гуманитарлық кітапхана: 100 жаңа оқулық жобасы” оқу конференциясы, “Кітап – рухани байлық бұлағы” кітаптар көрмесі өтті. Сонымен қатар 100 жаңа оқулықты оқу үрдісіне кіргізудің алгоритмдері дайындалды. Университетімізге қазірдің өзінде жоба аясында 14923 кітап түсті.

“Туған жер”, “Қазақстанның қасиетті жерлерінің картасы” бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары, Қазақстан тарихын, мәдени дәстүрлер мен рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған шаралар өткізіледі. Бұл орайда өскелең ұрпаққа біздің өңір жайлы толық әрі терең білім алуға жәрдемдесу көзделіп отыр. Оған Ботай, Долматов, Ақ-Ирий қоныстары сияқты археологиялық ескерткіштер, халықтың этноәлеуметтік және этносаяси шежіресі, өлкеміздің тарихи тұлғалары, киелі жерлер географиясы (топонимика, ономастика, лингвистика) арқылы қол жеткіземіз. Бұл шаралар өлкетану білімін дамытуды, аталған бағыттағы негізгі білім беру материалдарын әзірлеу мен оқытушылардың біліктілігін арттыруды көздейді. Сонымен қатар өлкетану бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізу, ішкі тарихи-өлкетану туризмін дамытуды мақсат етіп отырмыз. Бұл орайда “Менің қалам, менің ауылым” атты бейнероликтер байқауы, “Ауыл – ел бесігі” семинары, “Біз – Қазақстан балаларымыз” жастар флешмобы, “Туған жер: Қазақстан мен шекаралас елдердің табиғи ескерткіштері” атты “дөңгелек үстел” сияқты шаралар өткізілді.

“Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет” бағыты қазіргі жаhандану заманында ұлттық мәдениетіміз бен қазақ қоғамының бірегейлігін сақтап қалуды негізге алады. Сондықтан жоспарда негізгі түсініктерді дамыту, ұлттық салт-дәстүрді, тілді, әдебиетті, музыканы сақтау және кеңінен таныту шаралары қарастырылып, сол арқылы ұлттық рухты қалыптастыру ойластырылған. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін студенттердің арасында “Қазақстан халқы әндерінің аранжировкасы” олимпиадасы, жеті факультетте “Мен тұратын ел” тақырыбындағы салт-дәстүрлерге арналған кураторлық сағаттар, жаhандану кезіндегі кәсіби білімнің маңыздылығына арналған “Білім беру – болашаққа бағдар” атты конференция ұйымдастырылды.

“100 жаңа есім” бағыты заманауи Қазақстанның белсенді өкілдерін анықтап, олардың жетістіктерін паш етуді мақсат етеді. Университет факультеттерінде “Қазақстанның 100 жаңа есімі” байқауының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жеңімпаздарымен, еңбек ардагерлерімен кездесулер өтіп тұрады. Ал студенттер арасында “СҚУ-дің 100 үздік білім алушысы” жалпы университеттік байқауын өткізу дәстүрге айналды.

“Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институты өткізетін шаралардың екінші деңгейі – жобалық қызмет арқылы бағдарламаны жүзеге асыруға жекелеген студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам өкілдерін қатыстыруды көздейді. Жобалық қызмет үш бағыттан тұрады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитеті қаржыландыратын гранттық ғылыми жобалар, бастамашыл жобалар және шаруашылық жобалар. Қазіргі уақытта аталмыш ғылыми комитеттің 5 млн.теңгелік гранты аясында Алтын орданың негіздерін зерттеуге бағытталған жоба іске асуда.

Ал 2020-2022 жылдары жүзеге асатын “Қызылжардың ұлы тұлғалары” жобасы бірнеше кезеңді қамтымақ. Алдымен, өңірдің ұлы тұлғаларының тізімі жасақталады. Кейін ұлы тұлғалардың есімдері мен олар жайлы мәлімет ғылыми қызметте және қазақ халқының мәдени мұрасын насихаттауда пайдаланылады. Үшінші кезеңде өңірдің ұлы тұлғалары жайлы материалдар жүйеленіп, энциклопедияға енгізілген ақпарат оқу үрдісіне қолданылады. Соңғы кезеңде ХVIII-XX ғасырларда өлкемізде өмір сүрген белгілі тұлғалардың өмірі мен қызметі жайлы кешенді оқып-білу қарастырылған. Бұл жобаның қорытындысы ретінде Солтүстік Қазақстанның ұлы тұлғаларының электронды базасы құрастырылады.

Соңғы бес жылдың көлемінде этномәдени зерттеулер орталығы “Солтүстік Қазақстанның топонимикасы және ономастикасы” жобасымен айналысып жүр. Жобаның мақсаты – өлкедегі елді мекендердің байырғы және географиялық атауларын қалпына келтіру. Оның нәтижесінде ауылдардың, елді мекендер мен көлдердің бастапқы атаулары көрсетілген карталар әзірленіп, шығарылады. Сонымен қатар “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында “Қазақстанның солтүстік өңірінің тарихы мен мәдениетін кешенді зерттеу” жобасы қолға алынды.

Жалпы бағдарламаның негіздерін жүзеге асыру кезінде бірыңғай жүйелі амалдарды қарастырған абзал. Өзара байланысы жоқ шаралар мен науқаншылдыққа жол берілмеуі керек. Әсіресе, студенттерге арнап өткізілетін байқау, флешмоб, акциялар бір рет өткізілетіндіктен, бағдарламаның негізгі құндылықтарын меңгеруге мүмкіндік бермей, керісінше оның беделін төмендетеді. Бұл орайда, университет оқытушыларының эксперттік, ғылыми және сараптамалық мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет. Ғаламтор мен әлеуметтік желілер жастардың негізгі ақпарат көзі екенін есепке алсақ, университеттердің сайттары мен интернет-қоғамдастықтар негізгі коммуникациялық арналарға айналуы тиіс. Бағдарлама аясында жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін “Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтының негізінде жобаларды ұсыну, талқылау және жүзеге асыру бойынша онлайн сауалнамалар өткізетін алаң құру керек. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында жаңа бағалау шарттары, тәсілдер және бағдарлама мазмұнындағы өзгерістер үнемі есепке алынуы қажет. Алға қойған орасан міндеттерге қол жеткізу үшін үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, ресурстық орталықтар сияқты азаматтық қоғамдағы барлық институттардың бірлесіп әрекет еткендері абзал.

Зәуре ҚАРТОВА,

“Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp