«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ

Тәуелсіз еліміз 30 жылға жуық уақыт ішінде экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыра отырып, тұрақты мемлекетке айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бізді дамыған елдер қатарына жақындата түседі. Ортақ міндеттер экономикамызды одан әрі нығайуға, әр қазақстандықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. 

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында мемлекеттік органдардың тұрғындармен кері байланыс орнатуының маңыздылығына тоқталды. Облыстық статистика департаментінде бұл тапсырмаға орай нақты шаралар жоспары жасалды. Қоғаммен байланыс орнату біздің жұмысымызда “Мемлекеттік статистика туралы” Заңның 7-бабына сәйкес жүзеге асады, яғни ресми статистикалық ақпарат әзірлеуде қоғамның, мемлекеттің және халықаралық қауымдастықтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға ерекше ден қойылған. Бұл орайда департаментіміз статистикалық құжаттарға өзгерістер енгізуде респонденттермен және ақпарат пайдаланушылармен де тұрақты диалог орнатқан. Жыл сайын түрлі мәселелер бойынша 300-ден астам жеке және заңды тұлғалар біздің көмегімізге жүгінеді. Бүгінгі күні департаменттің сайты мен әлеуметтік желідегі парақшалары да тұрғындармен тығыз байланыс орнатуға жол ашып отыр. Сондай-ақ, департамент басшылығы тұрақты түрде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Оның өтетін орны мен уақыты туралы ақпарат stat.gov.kz/sko сайтында орналастырылады.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске ерекше ден қойып келеді. Бұл мақсатта ұжымымызда кешенді жоспар әзірленген, жұмыста жүйелілік пен жариялылық орнаған. Мемлекеттік аппарат пен тұрғындар арасындағы тікелей байланыс кезінде жемқорлық фактілерінің жолын кесу үшін қызметтің жаңа түрлерін енгізудеміз. Мәселен, респонденттерден алынған статистикалық үлгідегі құжаттар электронды түрде жиналады. Тікелей байланысты азайту мақсатында телефон арқылы сұрау салудың компьютерлендірілген жүйесі іске қосылды. Бұл жаңа тәртіптің облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдармен ақпарат алмасуда да тиімділігі зор.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: “Қазақстан экономикасы жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан алға ілгерілеп келеді” деді. Соңғы бес жылдың қорытындысына сүйенсек, еліміздің дұрыс бағытта келе жатқанын аңғаруға болады. Жалпы өңірлік өнімнің орташа жылдық өсім қарқыны 2,8 пайыз деңгейінде тіркелген. Облыс тұрғындарының жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 1386,6 мың теңгеден 2177,7 мың теңгеге дейін ұлғайды.
Солтүстік Қазақстан облысы республиканың ірі агроөнеркәсіптік аймағы болып табылады. Облыстың жалпы өңірлік өнімінің төрттен бір бөлігі ауыл шаруашылығына тиесілі. Осы саладағы 5 жылдағы өсім 14,4 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының серпінді дамуына, әрине, инвестициялар өсімі ықпал етеді. Бес жыл ішінде олардың көлемі 305,3 млрд. теңгеден асты немесе жалпы облыстық инвестициялар көлемінің 36,1 пайызын құрады, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 1,6 есе жоғары.
Өсімдік шаруашылығы өнімдерін тиімді өндіру мақсатында облысымызда ауыл шаруашылығы жерлерін суарудың жаңа жүйесі енгізілуде. Соның нәтижесінде былтыр картоптан гектар басы 350 центнерден, сәбізден 540 центнерден өнім алынды. Бұл суару жүйелері пайдаланылмаған жерде өсірілген дақылдар өнімділігінен 2,3 есе артық. Бұған қоса ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптары әртараптандырылуда. Былтыр майлы дақылдарға 976,8 мың гектар жер бөлінді, ол 2013 жылғыдан 2,2 есеге артық, мал азығы дақылдарының көлемі 27 пайызға картоп – 29,1, көкөністер 23,5 пайызға ұлғайды.
Агроөнеркәсіп саласында ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуге баса назар аударылған. Облыста 146 кәсіпорын азық-түлік өндірісімен айналысады. Олар былтыр 102,1 млрд. теңгенің өнімін шығарды, соның ішінде 36,7 пайызы – сүт, 21,5 пайызы ұн өнімдері. Өсімдік майын өндіру көлемі 3,6 есе, мал азығы көлемі 1,5 есе өсті.
Солтүстікқазақстандықтар табысында да тұрақты өсім байқалады. Тұрғындардың атаулы ақшалай табыстарының 5 жылдағы орташа жылдық өсім қарқыны 10,8 пайызды құрады, нақты ақшалай табыс 2,4 пайызға артты. Орташа жалақының 5 жылдағы өсімі 7,8 пайызға жетті.
Президент өз Жолдауында шетелден тікелей инвестиция тартудың маңыздылығына тоқталды. Бес жыл ішінде шетел меншігі нысанындағы инвесторлардың негізгі капиталға құйған инвестициялар көлемі 30 млрд. теңгеге жетіп, 2013 жылмен салыстырғанда 7,5 есеге өсті.
Шағын және орта бизнес тұтастай мемлекеттің және өңірдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуына айтарлықтай үлесін қосты. Бес жыл ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінің қатары 12,3 пайызға өсіп, былтырғы қорытынды бойынша үш жүз мыңға жуықтады. Былтыр кәсіпкерлер 570828,7 млн. теңгенің өнімін өндірген. Бизнес саласында жұмыспен қамтылғандар саны соңғы бес жыл ішінде 7,2 пайызға ұлғайып, облыстағы жұмыспен қамтылған азаматтардың 35,5 пайызын құрады.
Мемлекеттік қолдаудың түйінді бағыттарының бірі – тұрғын үй құрылысы. Мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың тұрғын үйге салған инвестициялары бес жылда 2,2 есе өсті. Барлық заңды тұлғалар мен тұрғындар бес жыл ішінде тұрғын үй құрылысына 68 млрд. теңге құйған. 843 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның ішінде елді мекендердегі отбасылар жалпы аумағы 224 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлерге қоныстанды.
Статистика органдарының басты міндеті – облыстық әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы деректерді сапалы және уақтылы қалыптастыру. Біз бұл міндетімізді Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларға сәйкес жүзеге асыруды көздейміз.

 

Марал НҰРЖАУЫПОВА,
облыстық статистика
департаментінің басшыс
ы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp