«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДАМУДЫҢ” ДЕМЕУІ ЗОР

“Бизнестің жол картасы – 2020” – ел экономикасын дамытудың бағыт-бағдарын айқындайтын, кәсіпкерлікті қолдаудың нақты тетіктері мен жолдары көрсетілген кешенді бағдарлама. Бұл бағдарлама жаһандық дағдарыс кезінде кәсіпорындарды сауықтыру ісінде өзінің тиімділігін аңғартып отыр. Әсіресе, қаржы ресурсын несиемен толықтырып отырған кәсіпорындарға несиелік ставкаларына демеуқаржы беру арқылы төмендету, салық берешегі бойынша айыппұлдар мен өсімдерді шегеру сияқты сауықтыру шаралары кәсіпкерге өте қолайлы жағдай тудырады. “Даму” қоры осы бағдарламамен жұмыс істей отырып, қазақстандық бизнестің көптеген мәселелеріне жол ашады. Мәселен, өз ісін дөңгелетуге қаржы тапшылығы бар адамға көмек, екінші деңгейдегі банктерден алынған несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесін азайту, қаржы институттарынан несие алуға кепілдік шартына қолдау көрсету, бизнесті сауатты жүргізу үшін өрені кеңейту сияқты мәселелер бойынша отандық кәсіпкерлікке қолдау жасайды.

Жыл өткен сайын тәжірибе жинақтап, бұл бағдарламаның негізгі әрі қолайлы тетігі болып табылатын бағыты кәсіпкерлікті мемлекеттік демеуқаржымен және кепілдік берумен қолдау шарасы екендігі дәлелденіп отыр. Бағдарлама қолға алынғаннан бері облысымызда 362 жобаға 31,6 миллиард теңгенің демеуқаржысы бөлінді. Оның 2 миллиард теңгесі төленді. Кепілдік беру мәселесінде “Даму” қоры 61 жобаға көмек көрсетіп, бүгінгі таңда оның несие портфелінің жалпы сомасы 2,3 миллиард теңгені құрады. Сондай-ақ, мекеме басшылыққа алып отырған бағдарламаның тағы бір нәтижелі жолы – адамдардың шағын және орта кәсіпкерлікке деген ынта-жігерін ояту және іс жүргізудегі сауаттылықты арттыру. Биылғы жылдың өзінде қордың кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығы 3 мыңнан аса адамға ақыл-кеңес берді. Ал мобильдік қолдау орталығының қызметкерлері ауыл-аймақтардағы 640 адаммен жүздесті. “Бизнес-кеңесші”, “Жас кәсіпкер мектебі”, “Топ-менеджментті үйрету”, “Назарбаев Университеті” базасындағы білім және “Іскерлік байланыс” жобасы бойынша кәсіпкерлікке қадам басқан және өз іскерлігі бар мыңнан аса адамға бизнес жүргізудің сауаттылығы үйретілді. Осылайша мемлекет, кәсіпкерлер және қаржы институттары арасындағы тіл табысу ел экономикасын өркендетуге елеулі үлес қосып отырғанын мақтанышпен айта аламыз.

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның қаржылай емес қолдау тетігі де бар. Соның бірі – аталмыш мемлекеттік мекеменің “Казкоммерцбанк” АҚ қаржы институтымен бірлесе атқарып жүрген “Құс жолы” қайырымдылық қоры жобасы. Жыл сайын бұл шара бойынша біздің 4-5 адам кәсіпкерлік қолдау көріп келеді. Жоба мүмкіндігі шектеулі адамдардың бизнес-идеяларын іс жүзіне асыруға, олардың қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктерін жоюға бағытталған. Олар аталмыш банктің бөлген қайтарымсыз қаржысы есебінен өз кәсіптерін дамыта алады. Сондай-ақ, “Даму” қорының дербес жобасы – “Даму-Көмек” бағдарламасы қордың 2009-2013 жылдарға арналған стратегиялық даму аясындағы шараларының қисынды жалғасы болып табылады. Аталған бағдарламаның шеңберінде “Даму” қоры www.damu-komek.kz сайты арқылы проблемалары бар мүгедек кәсіпкерлердің немесе кәсіпкерлік бастама танытқан мүгедектердің мәселелерін шешу үшін қалыптасқан бизнес ортасы бар кәсіпорындар немесе ұйымдардың, соның ішінде жеке тұлғалардың арасындағы байланыстырушы буын болып табылады. Бұл бағдарлама қолға алынғаннан бері “Даму” қорының солтүстікқазақстандық филиалына 50 өтініш түсті. Нәтижесінде 44 мүмкіндігі шектеулі адамға кәсіпкерлік қызметті жүргізуге ынталандыру үшін жағдай туғызылды.

Алмат НҰРАХМЕТОВ,

“Даму” қоры өңірлік филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp