“ҚазМұнайГазмаш” – мұнай-газ өндірісіне арналған құрал-жабдықтарды шығаратын зауыт. Біз бүгінде ел аумағында үлкен сұранысқа ие бірнеше жаңа өнім шығаруды игердік. Зауыт 113 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Қазақстан нарығында шетелдік тауарлардың көп екенін көріп жүрміз. Олар бізге үлкен бәсекелестік тудырады. Бұл – біз үшін бұрыннан қалыптасқан үдеріс, бүгінгі нарық заманының талабы. Ресейге өз өнімдерімізді экспорттаймыз. Осыдан екі-үш жыл бұрын Өзбекстан елімен қарым-қатынас орнатуды қолға алдық. Сондай-ақ, Түрікменстанмен де келіссөз сәтті аяқталып, тұтынушылар қатарын көбейттік. Біздің зауытта өнім шығару тапсырысқа негізделген. Жеке тапсырыстар жиі қабылданады. Әр тапсырыс берушінің өзіндік талабы болатындықтан, бұл да оңай шаруа емес. Екінші тараптың көңілінен шығу үшін әр тұтынушымен жеке жұмыс жүргізіп, оның сапасы мен орындалу мерзіміне үлкен мән береміз. Мақсатымыз – тауардың сатылу географиясын кеңейту.
Машина жасау – бүгінгі экономиканың басты бағыттарының бірі. Бәсекелестік жасайтын іргелі кәсіпорындар мен шағын кәсіпкерлер де баршылық. Олардың қайсыбірімен белгілі бір тетіктерді жасаған кезде жолымыз қиысып жатады. Сондай-ақ, дәл біздікіндей өнімдер шығаратын қазақстандық үш зауыт бар.
Жалпы бәсекелестік өндіріске сапа мен технологияның жаңалықтарын енгізеді, ізденуге мәжбүр етеді. Біздің кәсіпорынның өз артықшылығы бар: қазақстандық басқа өндіріс орындары шығармайтын кейбір өнімдер бізде ғана жасалады. Мәселен, мұнайшыларға арналған арматура тек бізде шығарылады.
Тапсырыс берушінің талабын жоғары деңгейде орындау үшін технологтар мен конструкторлар тобы жұмыс істейді. Тауарлардың үлгілері мен түрлерін ұдайы жетілдіріп отырамыз. Отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған бағдарламалар арқылы мемлекеттің көмегін де көреміз.
Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу арқылы әлемдік экономикамен интеграциялануға, жаһанның дамыған 30 елінің қатарына енуге үлкен мүмкіндік пайда болды. Бұл біздікіндей өндіріс орындарына да дамудың жаңа бағытын айқындайды. Ұйымның лайықты мүшесі болу үшін оның талаптарын орындай отырып, біз өзіміздің қуаттылығымызды көрсетуіміз керек. Әрине, оның нәтижесі бүгін-ертең аңғарыла қоймас, бірақ болашақта еліміздің бағыт алған бұл қадамы Қазақстанның даму тарихында із қалдырары сөзсіз.
Зәуреш ЖАППАСОВА,
“ҚазМұнайГазмаш” АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.