
Егемендік алғаннан бері дұрыс жүргізілген мемлекеттік саясаттың арқасында қоғамның барлық саласында түбегейлі өзгерістер болды. Соның ішінде билік органдарының тиімді жүйесі мен құрылымы қалыптасып, мемлекетті басқарудың ұтымды үлгісі іске қосылды. Қазіргі таңда заман талабына сай бұл жүйе жетілдірілу үстінде. Мемлекеттік кадр саясатын қалыптастыру, халықтың мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыру бағытында игі бастамалар жүзеге асырылуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясында “Мемлекеттік қызмет көрсету – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші”, – деп атап көрсеткен болатын. Осыған байланысты мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға және аталған саланың дамуына басты назар аударуымыз қажет.
Мемлекеттік қызмет – билік органдарының жұмысын бағалаудың басты өлшемі. Адам дүниеге келгеннен бастап барлық өмір сүру кезеңінде мемлекетпен тығыз байланыста болатындығы белгілі. Яғни, мемлекеттік қызмет көрсетуші органдардың міндеті азаматтардың өмір сүруіне тиісті жағдай жасау болып саналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру арқылы азаматтардың билік органдарына деген сенімін көтеру маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Мемлекеттік қызмет халыққа тікелей бағдарлануы тиістілігін айқындап берді.
Қызметтерді көрсету кезінде азаматтардың құқығын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету үшін әкімшілік кедергілерді азайту, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету міндеттері жүктеліп отыр.
Жыл сайын елімізде төрт миллионнан астам адам әртүрлі бағыттағы құқықтық мәселелерімен тиісті органдарға жүгінеді екен. Бүгіндері бұл қызметтер электронды түрде көрсетілуде. Соның нәтижесінде азаматтар көптеген артықшылықтарға қол жеткізеді, қызмет жылдам әрі сапалы көрсетіледі.
Солтүстік Қазақстан облыстық соттар әкімшілігі “Сот органдарынан алынған ресми құжаттарды апостильдеу” мемлекеттік қызметін көрсетеді. Ол “Электронды үкімет” веб-порталы арқылы да қолжетімді. 2019 жылы веб-портал арқылы екі электронды өтініш түсті.
Апостиль құжатқа қол қойған тұлғаның қолының түпнұсқалығын куәландырады және оның өкілеттігін, сондай-ақ, осы құжаттағы мөрдің немесе мөртабанның түпнұсқалығын растайды. Апостильдеу рәсімінің мақсаты Гаага конференциясына қатысушы елдердің аумағында іс-әрекет ететін апостильденген құжаттардың тиісті деңгейде дайындалғанына және түпнұсқалылығына кепілдікті қамтамасыз ету болып табылады.
Егер тұрғындар әлдебір сот құжатын апостильдегісі келсе, мынадай құжаттар қажет: белгіленген үлгідегі өтініш, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (салыстыру үшін түпнұсқасы көрсетіледі), апостильдеу үшін ұсынылған сот органдарынан алынған ресми құжат, мемлекеттік қызметті үшінші тұлға алған жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат, қызмет алушының тегі, аты, әкесінің аты өзгергенін растайтын құжат (салыстыру үшін түпнұсқасы көрсетіледі), мемлекеттік қызметке ақы төленгендігі туралы түбіртек қағаз.
Сонымен қатар бүгіндері “Электронды үкімет” порталында апостиль қоюға электронды өтініш беру бойынша сервис жұмыс істейді. Сот органдарының құжаттарын апостильдеуге электронды өтініш жіберу үшін мыналар қажет:
– электронды-сандық қолтаңба;
– “Электронды үкімет” веб-порталы арқылы “сот кабинетіне” кіру;
– электронды өтінішті толтыру;
– мемлекеттік алымды (айлық есептік көрсеткіштің 50 пайызы) төлегені туралы түбіртек қағазды жіберу;
– апостильделуі тиіс соттың құжатын жіберу.
Мұның бәрін азамат “сот кабинетін” пайдалана отырып, үйінен шықпай-ақ өзіне қолайлы уақытта және ешқандай кезексіз орындай алады.
Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметтің рөлі зор екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қызмет сапасы еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуының бір көрсеткіші болып табылады. Осыған байланысты көптеген өркениетті елдер секілді Қазақстан да мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жоғары болуына және осы саланың дамуына үлкен мән береді.
Оян МҮТӘЛӘПОВ,
облыстық соттар
әкімшісінің басшысы.
Сурет https://egov.kz/ сайтынан алынды.