Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз», – деп атап айтқан болатын. Президентіміздің сындарлы және жүйелі саясатының арқасында елімізде өмірдің барлық саласында оң өзгерістер орнығуда.
Өңіріміздің қарқынды дамуына Есіл ауданы да өз үлесін қосып отыр. Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң серпінділігі айқындалып келеді. Соның ішінде, өндірісі өрге басқан агроөнеркәсіп кешені негізгі экономикалық даму салаларының бірінен саналады. Жыл өткен сайын ауыл шаруашылығын жетілдіре түсіп, техникалық парктарды жаңалап, өнімділігі жоғары заманауи технологияларды қолдана бастадық. Үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуір айларында ауданда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 1351,8 млн. теңгені құрады, ол 2014 жылмен салыстырғанда 102 пайызға өсті.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету негізінен мал шаруашылығы саласына байланысты. Қазіргі таңда ауданда 69 мал шаруашылығы фермасы жұмыс істейді, оның ішінде 15 ферма «қазақтың ақ бас», «қара ала», «ангус», «герефорд» сынды асылтұқымды ірі қара мал өсірумен айналысады. «Достық» ШҚ «Еділбай» тектес қойларды өсіру бойынша асылтұқымды шаруашылық болып табылады.
«Ірі қара мал еті экспортын дамыту» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткен 2014 жылы 805 бас, биылғы жылдың басынан бері 95 бас ірі қара сатып алынды. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да тұрақты түрде жалғасын табатын болады. Мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 37 бас ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша 24 бас жылқы, ал «Алтын асық» бағдарламасы бойынша жоспарланған 327 бастың орнына, әзірге 227 бас қой сатып алынды.
Мал және құс еті шаруашылықтың барлық санаттарын қосқанда тірі салмақта 1682,1 тонна немесе 101,9 пайыз, сүт 6799,4 тонна (2014 жылмен салыстырғанда 100,9 пайыз), жұмыртқа – 2698,8 мың дана (2014 жылмен салыстырғанда 100,4 пайыз) өндірілді. Ірі қара мал басы 2,3 пайызға, жылқы саны 1,4 пайызға, қой 7,3 пайызға, ешкі 5,1 пайызға және құс саны 0,2 пайызға көбейді.
Елбасымыз ұсынған Ұлт жоспарында шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігін қолдау жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігі атап көрсетілген. Бізде бұл бағытта да белсенді жұмыстар атқарылуда. Ауданда барлығы 1256 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген болса, соның ішінде 1194-і белсенді түрде жұмыс жасайды.
Азық-түлік өнімдерін өндірумен 36 кәсіпорын айналысады, оның ішінде: сүт өнімін қайта өңдеу бойынша – 2 цех, 11 – ұн өндіру кәсіпорны, 2 – өсімдік майын шығаратын цех, 17 наубайхана, балық қақтау және макарон өнімін шығаратын өндіріс орындары бар.
Үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуір айларында жалпы өнеркәсіп өнімдерінің (тауар және қызмет) көлемі 880,7 млн. теңгені құрады, ол өткен жылмен салыстырғанда 240,2 пайызға өсті. Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары 526,2 млн. теңгенің өнімін өндірді немесе өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,6 пайызға артты.
2015 жылдың қаңтар-сәуір айларында бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 468,4 млн. теңгені құрады немесе өткен жылмен салыстырғандағы өсімі 114,2 пайыз.
2015 жылдың қаңтар-сәуір айларында негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 754,5 млн. теңгені құрады немесе өткен жылмен салыстырғанда 116,2 пайыз болды, сонымен бірге оның құрамындағы бюджеттік қаражат 412 млн. теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 396,1 млн. теңгеге көп, ал өнеркәсіптің жеке қаражаты 105,3 млн. теңге немесе 33,3 пайыз, несие қаражаты 237,2 млн. теңге немесе өткен жылмен салыстырғанда 81,5 пайызды құрайды.
Өткен жылдың желтоқсан айында Индустрияландыру күніне орай, жалпыұлттық телекөпір арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оннан артық жаңа индустриялық жобаны, соның ішінде ауданымыздың Бұлақ ауылдық округіндегі алтын өндіру «Әулие» кен орнын іске қосты. Алтын өндіру мен өңдеу жұмыстарын «Әулие Голд Майнинг» компаниясы жүргізуде. Жаңа кен орнында 250 адамға жұмыс орны ашылды.
2014 жылы «Заградовское» ЖШС-і жобалық құны 436 миллион теңгеден асатын сыйымдылығы 10 мың тонна шағын элеватор құрылысын пайдалануға берді. Ал келесі 2015 жылы «Данияр-Агро» ЖШС-і Жарқайың ауылында ірімшік пен май өндіретін, сонымен бірге сүтті қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорын және қымыз өндіру цехын ашуды жоспарлауда. Сондай-ақ, «Житница» ЖШС-і малға дәруменді ұсақталған жем-азық дайындайтын цех ашуды көздеп отыр. Ауданда “Стрелец” жеке кәсіпкерлігі жоба құны 350 миллион теңгені құрайтын жылдық қуаты 20 мың литр сұйық биогумус өндіретін модульдік зауыт салуды жоспарлауда.
Президентіміз алға қойған тапсырмаларды жүзеге асырудың басты бағыттарының бірі – көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту болып табылады. Ауданда осы бағыттағы іс-шаралар өткен жылы жалпы сомасы 645,6 млн. теңгенің жол жөндеу жұмыстарынан бастау алды, ол 2013 жылмен салыстырғанда (469,7 млн. теңге) 396 пайызға көп. 2015 жылы республикалық маңызы бар автожолдардың күрделі жөндеуіне және күтілуіне 60 миллион теңге бөлінген, облыстық маңыздағы автожолдарға 475 миллион теңге қарастырылған: олар – «Покровка-Корнеевка-Горный» КТ-29 жолы (22,4 км.), оның орташа жөндеуіне 353 млн. теңге және «Покровка-Ильинка» КТ-19 жолы (4 км.), жөндеуіне 122 млн. теңге жұмсалады.
Қазақстандықтардың денсаулығына деген қамқорлық мемлекет саясатының басымды бағыттарының біріне айналды. 2014 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасының аясында Явленка ауылында 250 орындық емхананың құрылысы аяқталды.
Азаматтардың әл-ауқаты сапалы және қолжетімді білімсіз мүмкін емес. Елбасымыз өзінің биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында балабақшалардың жетіспеушілігіне баса назар аударып, мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын барынша қысқартуды тапсырып отыр. Осы бағыттағы жұмыстар біздің ауданымызда да жүргізілуде. Өткен жылдың қыркүйек айында «Балапан» бағдарламасы аясында «Т.С.Позолотин атындағы №1 Явленка орта мектебі» КММ-нің жанынан 75 орындық шағын орталық ашылды. Ауданда барлығы 40 мектепке дейінгі ұйым (3 балабақша және 37 шағын орталық) жұмыс істейді. Соңғы жылдары шағын орталықтардың көбеюіне байланысты 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды қамтамасыз ету 98,1 пайызға жетті.
Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуінің басты көрсеткіштерінің бірі тұрғындардың әлжуаз топтарын қолдайтын осызаманғы мықты әлеуметтік саясатының болуы. Ауданда 2015 жылдың басынан бері халықты жұмыспен қамтамасыз ету іс-шаралары бойынша жоспарланған 552 адамның орнына іс жүзінде 658 жұмыссыз еңбекке тартылды. Атап айтқанда, тұрақты жұмыс орындарына 440 адам, соның ішінде 287 адам жаңа жұмыс орындарға орналасты (жаңа ашылған өндіріс орындары есебінен орналасқандары – 194, кеңейтілген кәсіпорындарға кіргендері – 93). Уақытша жұмыс орындарына 218 адам алынды.
Елбасымыздың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауымен сабақтасып отырған бес институционалдық реформадан құралған Ұлт жоспарын ұсынуының айрықша маңызы бар. Ұлт жоспары – елді өркендетіп, асқар асуларды бағындырудың бас жоспары, онда белгіленген жүз қадам бойынша оларды кезең-кезеңімен іске асыруға жұмылатын боламыз.
Мұратбек ӘБІШЕВ,
Есіл ауданының әкімі.
