«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАМУ ЖАҒЫНАН АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДАМЫЗ

Өңірімізде сәуір айында карантин жарияланып, көптеген нысандар жұмысын тоқтатқанымен, жалпы даму көрсеткіші өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда төмендеген жоқ. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында айтылды. Жиында облыстың алты айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және бюджеттің кірісі мен шығыс бөлігінің орындалу барысы талқыланды.

Жиын кадрлық тағайындаудан басталды. Өңір басшысының өкімімен бұған дейін Уәлиханов ауданының әкімі қызметін атқарған Медет Дулатұлы Оспанов облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Экономика басқармасының басшысы Арсен Қазыбековтың айтуына қарағанда, өткен жылмен салыстырғанда экономика саласында біршама ілгерілеу бар. Атап айтқанда, қысқамерзімді экономикалық индекс индикаторы 101,4 пайызды құраған. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі – 25,5, салынған инвестиция – 23,4, құрылыс – 16, өнеркәсіп 11,4 пайызға ұлғайған. Осы мерзім ішінде ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштері үш пайызға артып, 73,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Мал шаруашылығына көз жүгіртсек, ет өндіру – 8,5, сүт 5,4 пайызға молайған. Дегенмен, Есіл ауданында қара мал еті, Қызылжар мен Аққайың аудандарында құс, Шал ақын ауданында жылқы, Мамлют ауданында шошқа өсімі азайған. Өсім өнеркәсіп, өңдеу, құрылыс саласында да байқалды. Биылғы жартыжылдықта өңір экономикасына 108,4 млрд. теңгенің инвестициясы тартылған. Оның 63 пайызы жеке кәсіпкерлердің үлесі. Инвестицияның 51 пайызы – ауыл шаруашылығына, 18 пайызы – жылжымайтын мүлікке, 13 пайызы өндіріске тиесілі. Ал жеке инвестиция тарту бойынша Тайынша мен Есіл аудандары алда. Дегенмен, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда көрсеткіш төмендеген салалар да бар. Атап айтқанда, жеке сауда және көлік саласының көрсеткіші мәз емес. Бұған соңғы төрт айда коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай себеп болуы мүмкін.

Бұдан кейін облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Әлия Әйкенова жергілікті бюджеттің орындалуы туралы есеп берді. Баяндамашының айтуынша, жергілікті бюджеттің кіріс жоспары артығымен орындалып, шығыс бөлігі 99,5 пайызға игерілген. Бюджетке жоспарлы 21468 млн. теңгенің орнына 28954 млн. теңге түскен. Дегенмен, республикадан бөлінген мақсатты трансфертті игеруде кемшілік бар. Белгілі болғандай, 404 млн. теңге игерілмеген.

Құмар Ақсақалов бірқатар маңызды мәселелер мен алда тұрған басым міндеттерге тоқталып өтті.

– Біз тоқсан бес күн бойы қатаң карантин режімінде жұмыс істедік. Бұл елдің де, өңірдің де экономикасына кері әсер еткені сөзсіз. Жоспарланған жұмыстар уақытша тоқтатылғанымен, құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары өкілдерінің қажырлы еңбегінің арқасында көрсеткіштеріміз төмендеген жоқ. Әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Бірқатар салалардың көрсеткіштері республикалық орта деңгейден жоғары.

Нәтижесінде облысымыз екінші ай қатарынан экономикалық даму жөнінен алдыңғы қатардағы өңірлер тобына кіріп отыр. Ендігі мақсатымыз – бұл нәтижемізді еселей түсу. Ол үшін барлық мүмкіндігіміз бар. Қолдау да, қаражат та жеткілікті, – деді Құмар Іргебайұлы.

Бұдан кейін өңір басшысы жеке салаларға шолу жасады. Агроөнеркәсіп саласындағы өсім деңгейін төмендетпеу аса маңызды. Өткен алты айдың қорытындысына сәйкес, өңірімізде сүт пен ет өндірісін арттыруға басымдық берілді. Биыл алты ауданда 10 тауарлы-сүт фермасының құрылысы қолға алынған. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 12,8 млрд. теңге бөлінген. Әкімнің айтуынша, алдағы уақытта тағы 20 кешен салынатын болады. Алайда, Шал ақын мен Жамбыл аудандарында осындай фермалар құрылысының жүргізілмеуінен сүт өндіру тек 0,4 және 0,1 пайызға ғана артқан. Өрісті малмен толтыру бағытындағы жұмыс әлі сылбыр. Жыл аяғына дейін бес мың ірі қара сатып алу жоспарланса, бұл жұмыс баяу жүргізіліп жатқан аудандар бар. Сол сияқты кейбір аудандарда жол жөндеу және таза ауызсумен қамтамасыз ету секілді аса маңызды әлеуметтік салаларға тиісті деңгейде көңіл бөлінбеуде.

Құмар Іргебайұлы жарты жылдың қорытындысы бойынша әрбір аудан әкімінің есебі тыңдалып, соған орай нақты шешім қабылданатынын ескертті. Биыл өңірімізде құрылыс қарқыны жоғары. Дегенмен, құрылысқа жауапты компанияларға қатаң талап қойылатынын, мердігер жоспарланған жұмысты уақтылы атқармаса келісімшарттың бұзылатынын ескертті. Сонымен қатар өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң көрсеткіштер тұрғындардың тұрмысын жақсартып, барлық салада еңбек етіп жүрген азаматтардың табысын арттыруы тиіс екенін еске салды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp