«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДАМУ” ҚОРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ бизнеске серпін береді

“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы қолға алынғаннан бері “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның облыстық филиалымен 47 миллиард теңгенің 461 жобасы жүзеге асырылды. Оның ішінде 2015 жылы демеуқаржыландыру бойынша 10 миллиард теңгенің 118 келісімшартына қол қойылды.

Бұл туралы “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ облыстық филиалында жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Әңгіме барысында филиал директоры Мереке Сыздықов өткен жылдың қорытындысы мен биылғы жылы атқарылуға тиісті жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, “Даму” қоры арқылы 2010-2016 жылдар аралығында облыс кәсіпкерлеріне 3 миллиард теңгенің демеуқаржысы берілді.

– Былтыр демеуқаржыға қол жеткізіп, ірі ауқымды жобаларды жүзеге асырғандардың қатарында “Рим-КазАгро”, “Таткрафт-Инвест”, “DEZ”, “Әділ Құс” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін атап өтуге болады. Өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, орман, балық, ауыл шаруашылығы салаларында ерекше басымдық бар. Облыс бойынша өткен жылы 69 келісімшарт жасалып, кепілдік сомасы 944 миллион теңгеден астам болды. Ал ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер 4 жобаны жүзеге асырды, – дей келе Мереке Сыздықов 2016 жылы демеуқаржыландыру мен кепілдендіруге қатысты атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

“Даму” қоры биыл “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына қатысушылардың санын арттырмақ. Бұл мақсатқа 1,4 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы шағын және орта бизнесті қолдау бойынша екі жоба жүзеге асырылатын болады. Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда бағдарламаны жүзеге асыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Үстіміздегі жылдың екі айында 649 адамға 945-тен астам қызмет түрі көрсетілді.

Былтыр облыста 124 жеке кәсіпкерлік тіркелді. Бизнеспен айналысуға жастар үлкен қызығушылық танытуда. Мәселен, Айыртау ауданынан жеке кәсіпкер Вера Сухова бизнес-жобасын дамыту үшін мемлекеттен 2,5 миллион теңгенің қайтарымсыз грантын алды. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап өз ісін бастауға ынталы тұрғындар үшін оқыту бағдарламалары жүзеге асырылуда. Студенттерді кәсіпкерлікке тарту мақсатында “Даму” қоры мен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ынтымақтастық меморандумына отырғаны да қуанарлық жайт.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp